Азық-түлік тауарлары
02.03.2021
ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сауда желілеріне арзандатылған кредиттерді 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға шақырды.
Министрдің айтуынша, кәсіпкерлерге кредит берудің қолданыстағы тетігі пәрменді болып табылады, алайда нарыққа елеулі ықпал ету үшін қаржыландыруды кеңейту талап етіледі. "Отандық өндірушілермен келісімшарттарды "қол режимінде" қоса отырып, желілерге арзандатылған кредиттерді 50 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Сондай - ақ өндірушілер бойынша нақты болжам жасау және жергілікті атқарушы органдар үшін өңірлер мен тауарлар бөлінісінде мемлекеттік қолдау шараларына қарсы міндеттемелерді белгілеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу маңызды", - деді Сұлтанов Үкімет отырысында. Ведомство басшысының мәліметінше, тұрақтандыру қорларының көлемі бағаны ұстап тұру үшін жеткіліксіз болып табылады. "Тұрақтандыру қорлары жинақтарының көлемі жеткіліксіз, яғни 3,7 млрд теңге сомасына 25,4 мың тонна қалыптасты. Олардың араласуы жалпы тұтынудың 0,2% - дан 1,4% - на дейін құрайды. Бұл бағаға тиісті әсер етпейді", - деді Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, тұрақтандыру қорларының өзі тиімсіз қалыптасуда. "Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қант (56,9%), қарақұмық жармасы (40,0%), күнбағыс майы (31,1%) және жұмыртқа (17,5%) бағасы ең жоғары өсті. Бұл ретте қорларға көкөністер сатып алынды, олар бойынша жыл ішінде бағаның шамалы өсуі байқалды", - деп атап өтті ол, тұрақтандыру қорларын қайта қарау, қаражат пен күш-жігерді тек импортқа тәуелді тәуекелді тауарларға шоғырландыру қажет екенін айта отырып. Министр сондай-ақ кейбір нарықтық құралдар өзінің тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Бұл форвардтық сатып алу және "айналым схемасы".
Қарау саны: 2773 |
|
|