Шетелдік инвесторлар кеңесі

04.03.2021

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мұнай-газ компанияларының басшылары-Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мүшелерінің бейнеконференция форматында жұмыс кездесуі өтті. Іс-шара барысында еліміздің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды.
 

Онлайн-форматтағы кездесуге Royal Dutch Shell plc Бас атқарушы директоры Бен ван Бёрден, Chevron өндіру мәселелері жөніндегі Атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсон, CNPC вице-президенті Хуан Юн Чжан, Eni S. p.a компаниясының upstream бизнес жөніндегі директоры Гуидо Бруско, ExxonMobil Global Projects Президенті Нил Даффин, Total E&P Каспий және Оңтүстік Еуропа бойынша Вице-президенті Кристин Хили қатысты.

2020 жылғы қарашада өткен Кеңестің отырысында көтерілген мәселелерді пысықтау жөніндегі бірлескен есепті тыңдаған Қазақстан Президенті Елеулі прогресті атап өтті. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Атап айтқанда, ол ірі мұнай-газ жобалары бойынша уағдаластықтардың уақтылы орындалуына назар аударды. Президент Үкімет пен инвесторлар ортақ түсіністікке келгенін, сондай-ақ олардың толық іске асырылуын қамтамасыз етудің және олар бойынша жедел шешімдер қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

"Пандемияға қарамастан, Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы кесте бойынша жүзеге асырылуда. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешім үйлестірілген жұмыстың тағы бір мысалы болып табылады. Қазіргі уақытта Қашағанның ауқымды даму жоспарының қабылдануын күтіп отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы инвестициялар тартудың жаңа тетіктері, атап айтқанда, модельдік келісімшарттарды жақсарту туралы Үкіметтің баяндамасына назар аударды. Тұтастай алғанда, осы ұсыныстарды қолдай отырып, Президент инвестициялардың құқықтық қорғалуы мен тұрақтылығын, сондай-ақ қажет болған жағдайда инвестициялық преференцияларды қамтамасыз етуге тиіс ұсынылып отырған тәсілдердің барлық егжей-тегжейін мұқият зерделеу қажеттігін атап өтті.

"Барлық жобалардың геологиямен, нарықтардан алыстығымен, мұнай түрлерімен байланысты өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, біз "біркелкі тәсілден" аулақ болуымыз керек. Үкімет жобаларды күрделілігі мен маңыздылығына қарай жіктеп, тиісінше реттеу мен қолдау құралдарын айқындауға тиіс", – деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осыған байланысты ол Үкіметке жұмыс тобының келесі отырысына жақсартылған модельдік келісімшартты ұсынуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесіне тағы да тоқталды.

"Мен әрқашан ел ішіндегі құндылықты құрудағы, ішкі технологиялық және өнеркәсіптік дамуды ынталандырудағы энергетикалық жобалардың маңыздылығын атап өттім. Өкінішке орай, прогресс шамалы болды. Бізге жаңа әрі батыл қадамдар қажет" - Президент Үкіметке компаниялармен бірлесіп, технологиялар трансферті мен жергіліктендіру жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Президент экологиялық мәселелерге назар аудара отырып, Қазақстан мұнай-газ компанияларының алауларда газ жағу кезінде қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемді қолданудағы кемсітушілікті жою туралы өтінішін қолдағанын атап өтті. Сонымен қатар, ол инвесторлардан өз қызметінің өңірлеріндегі қоршаған ортаны жақсарту және көміртегі ізін азайту бойынша батыл және практикалық іс-қимылдар күтетінін атап өтті.

 




Қарау саны: 2788
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!