Өңдеу өнеркәсібі

17.03.2021

16 наурызда Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ағымдағы жылы шамамен 12,5 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, 100-ден астам өңдеу жобасын іске қосу қажеттігі туралы мәлімдеді.

Еліміздің Премьер-Министрі Индустрияландыру картасы аясында 1 трлн теңгеге жуық сомаға 201 жоба енгізілгенін еске салды. 19 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды, оның 7 мыңнан астамы ауылдық жерлер мен моноқалаларда. Өңдеу секторының өндірушілеріне 300 млрд теңгеге жуық сомаға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті және жоғары технологиялық өнеркәсіпті қалыптастыруға бағытталған "Өнеркәсіптік саясат туралы" Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Асқар Мамин Индустрия министрлігі оны сапалы сүйемелдеуді қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

"Ағымдағы жылы біз өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсеткішінің 5,8% деңгейінде өсуіне қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ машина жасауда, қара металлургияда, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын өндіруде одан әрі өсуді қамтамасыз ету қажет. Ағымдағы жылы 12,5 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, 1,9 трлн теңге сомасына 100 - ден астам өңдеу жобасын енгізу қажет", - деді Министрлер Кабинетінің басшысы.

"Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың ақпараты бойынша, холдинг қолдау құралдары арқылы экономиканың өңдеуші секторларына 3 трлн теңгеден астам сомаға инвестициялар ағынын қамтамасыз етті.

Алдағы жылдары экономиканың өңдеуші секторларына қолдау көрсету көлемі арта түседі, - деп хабарлады Әріпханов Үкімет отырысы барысында. ИИДМБ-3 (Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы) шеңберінде келесі жылы өңдеуші өнеркәсіпке және экспортты қолдауға 130 млрд теңге көлемінде инвестициялар жіберу жоспарланып отыр.

"Қазақстанның Даму Банкін қаржыландырудың жалпы көлемі 2021 жылы 342 млрд теңгені құрайды. "БЖК-2025" бағдарламасын жүзеге асыру жалғастырылады, атап айтқанда, биыл ғана мөлшерлемені субсидиялау құралы есебінен 53 млрд теңге көлемінде несие сомасына 850 жобаға қолдау көрсетілетін болады. Кепілдікпен өңдеу секторындағы 68 млрд теңге несие сомасына 955 жоба қамтылатын болады, кепілдік сомасы 27 млрд теңгені құрайды", - деді Айдар Әріпханов.

Сондай-ақ, холдинг төрағасының ақпараты бойынша, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында субсидиялар есебінен өңдеу өнеркәсібі саласында 254 млрд теңге сомасына 335 жоба қаржыландырылады, ал субсидия сомасы 7,6 млрд теңгені құрайды.

"Екінші деңгейдегі банктерде қаражатты орналастыру арқылы қаржыландыруды көздейтін "Өндіріс" бағдарламасы жалғасатын болады. Ағымдағы жылы қаржыландыру сомасы шамамен 123 млрд теңгені құрайды, өңдеу өнеркәсібі саласындағы 580 жоба қарыз алады. Қаражат 20 жылға берілді және 2034-35 жылдарға дейін пайдаланылатын болады", - деді ол

Айдар Әріпханов 2021 жылы Холдингтің барлық құралдары бойынша өңдеуші секторда 894,7 млрд.теңгеден астам сомаға 2770-тен астам жобаға қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауына және "Nur Otan" партиясының бағдарламасына сәйкес Үкіметке 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 3,9% - ды құрады. Бұл ретте ЖІӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7% - ға дейін өсті.

"Бәйтерек" холдингі - "Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы", "Бизнестің жол картасы", "Өндіріс", "Қарапайым заттар экономикасы", сондай-ақ "Ұлттық экспорттық стратегия" сияқты экономиканың шикізаттық емес салаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша үкіметтің шешуші қаржы операторы.


Қарау саны: 2826
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!