Жаңа экономикалық бағыт
18.03.2021
17 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде "Мемлекеттік
жоспарлаудың жаңа жүйесі, Ұлттық даму жоспары, жалпыұлттық басымдықтар
және мемлекеттік басқару тұжырымдамасы туралы" баспасөз конференциясы
өтті. ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады.
Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары өмірдің барлық салаларындағы қайтымсыз құрылымдық өзгерістерге негізделген жаңа экономикалық шындықты ескере отырып әзірленді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта өндірістік процестер өңірлік сипатқа ие, бұл жеткізілім сенімділігінің пайдасына өндіріс құнын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуі жағдайында сапалы инвестициялар тарту үшін бәсекелестіктің күшеюі байқалады. "Пандемия нәтижесінде әлемдік ЖІӨ бейбіт уақыттағы рекордтық деңгейге - 3,5% - ға қысқарды. Бұл ретте жаһандық борыш жаңа тарихи максимумға жетті. Әлемдік мұнай нарығындағы және басқа да тауар нарықтарындағы жағдай айтарлықтай өзгерді. Пандемия өзін - өзі қамтамасыз ету және протекционизм үрдістерін күшейте отырып, жаңа әлемдік сауда тәртібін қалыптастырады" - деді Әсет Ерғалиев. Министр Қазақстанның ЖІӨ туралы айта келіп, жалпы ішкі өнімге қатысты болжам ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Қазақстанның мемлекеттік борышқа қатысты жағдайға түсінік бере отырып, ведомство басшысы бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында екенін айтты. "Бүгінде мемлекеттік борыш деңгейі ЖІӨ - нің шамамен 30% - ын құрайды", - деп түсіндірді ол. Министр рейтинг агенттіктерінің үлкен үштігі Қазақстанның фискалдық-бюджеттік саясатының тұрақтылығын бағалап, мемлекеттік борыштың төмен деңгейін атап өтті. "Егер басқа елдермен, Еуроодақпен салыстыратын болсақ, онда оларда борыш деңгейі 80% – ға жуық, ЭЫДҰ елдерінде орташа алғанда-100% - ға жуық". Ұлттық экономика министрлігі басшысының мәліметінше, мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге жыл сайын 900 млрд теңге бөлінеді. Ұлттық даму жоспары коронадағдарыс салдарын жоюға, сондай-ақ тұрақты және инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған орта мерзімді перспективада елдің жаңа экономикалық бағытының негізгі параметрлерін қалыптастырады. Министрдің айтуынша, таяудағы перспективадағы маңызды басымдықтардың бірі жұмыссыздық деңгейін 2025 жылға қарай 4,7% - ға дейін төмендету болып табылады. Әсет Ерғалиев түсіндіргендей, "Әділ әлеуметтік саясат" жалпыұлттық басымдығы нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды іске асыруды көздейді. "Еңбек нарығын қалпына келтіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылданатын болады. Еңбек қатынастарының жаңа прогрессивті нысандарын енгізу жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуды қамтамасыз етеді. Өз бетінше тұрақты білім алу және біліктілікті арттыру үшін жағдай жасалады, сондай - ақ жұмыс орындарын болжау жүйесі жетілдіріледі", - деді министр. Ол әлеуметтік қамсыздандыру саласы еліміздің Әлеуметтік кодексімен реттелетінін атап өтті. "2025 жылға қарай қабылданған шаралардың нәтижесі жұмыссыздық деңгейін 4,7% - дан аспайтын деңгейге дейін төмендету болады. Мемлекеттің әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар жөніндегі барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалатын болады. Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу қамтамасыз етіледі, сондай - ақ әлеуметтік қызмет көрсетудің өтініш беру нысанынан анықтау нысанына көшу жүзеге асырылады", - деді Ерғалиев. "Теңгерімделген аумақтық даму" жалпыұлттық басымдығы өз кезегінде өңірлердің әлеуетін ашуды және олардың әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді. Әсет Ерғалиевтің деректері бойынша кеңістікті дамыту саясаты басқарылатын урбандалуды және "адамдар инфрақұрылымға" қағидатын, сондай-ақ елдің тірек қаңқасын және бірыңғай ішкі экономикалық кеңістікті бірге қалыптастыратын "экономикалық дәліздерді" ескере отырып, "өсу нүктелерін" дамытуға бағытталатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай урбандалу деңгейі 62,6% - ды құрайды. 2025 жылға дейінгі Стратегиялық көрсеткіштер картасы Ұлттық жоспардың міндеттерін іске асырудағы ілгерілеудің көрсеткіші болатынын атап кеткен жөн. Карта жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, салалар, өңірлер бойынша құрылымдалған үш бағыт бойынша 41 көрсеткіштен тұратын тізбені қамтиды. "Ұлттық жоспарды іс жүзінде іске асырудың нәтижесі 2025 жылға қарай экономиканың өсуін 5% - дан астам деңгейде қамтамасыз ету болады" - деп түйіндеді экономика министрі.
Қарау саны: 2945 |
|
|