ЕҚДБ-мен әріптестік:
31.03.2021
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен келіссөздер жүргізді.
"ЕҚДБ қызметі кезеңінде Қазақстанда жалпы сомасы $9,4 млрд – тан асатын 280 жоба қаржыландырылды, оның 66% - ы жеке секторда. Инвестициялар инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, IT, қаржы, ТКШ, сондай — ақ шағын және орта бизнес сияқты экономиканың басым салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталды", - деді Мамин. Тараптар Қазақстанның энергетикалық секторын декарбонизациялау бағдарламасын, ЕҚДБ-ның "Жасыл қалалар" жобаларын іске асыру, кәріз тазарту құрылыстарын жаңғырту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін талқылады. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ), Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы аурухананы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде денсаулық сақтаудың басқа да объектілерін салу жобаларына ерекше назар аударылды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен онлайн-кездесуі барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы елдің орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжатқа Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев пен ЕҚДБ-ның Қазақстан бойынша басшысы Агрис Прейманис қол қойды. Әсет Ирғалиев Қазақстанда экономика өсімінің әртараптандырылған, тұрақты және инклюзивті моделін дамытуға ықпал еткен ЕҚДБ қатысуымен бірқатар табысты жобалар іске асырылғанын атап өтті. "Біздің ЕҚДБ-мен стратегиялық ынтымақтастығымызды жоғары бағалайтынымызды тағы да атап өткім келеді. Қол қойылған келісім біздің бірлескен жұмысымызға жаңа серпін береді", – деді ҰЭМ басшысы. Келісім жеке секторды қолдау, ҚР экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, қазіргі заманғы энергия тиімді және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу есебінен "жасыл" экономиканы дамыту, венчурлік қаржыландыруды дамыту арқылы инновациялар мен цифрландыруға жәрдемдесу, МЖӘ-нің құқықтық және институционалдық базасын нығайту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымында қаржылық және экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу мәселелерін және өзара іс-қимылдың басқа да аспектілерін қамтиды.
Қарау саны: 2789 |
|
|