Қазақстан Ұлттық Банкі зерттеулерге гранттар бөледі
18.05.2021
Ұлттық Банк Зерттеу бағдарламасында көрсетілген басым бағыттар бойынша зерттеулерге гранттар бөледі, деп хабарлайды Ұлттық Банк қызметі. Жоба іске асқан жағдайда Қазақстандағы экономикалық зерттеулердің дамуына, экономикалық саясаттың сын-тегеуріндерін түсінуді жақсартуға және макроэкономикалық дискурс деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Гранттар байқау негізінде беріледі. Грантқа академиялық, ғылыми және зерттеу ұйымдары, деректерді жинауға, сақтауға және жинақтауға арналған ұйымдар өтініш бере алады. Зерттеу жүргізу үшін өтініш беруші тарап орындаушылар командасын жасақтайды. Байқауға қатысу үшін өтінім беруші ұйымға ұсынылған зерттеу әдістемесінің сипаттамасы, оны өткізу жоспары, күтілетін нәтижелер, зерттеушілердің біліктілігі туралы ақпарат, сондай-ақ негіздемесі мен шығын сметасы көрсетілген өтінім жіберілуі керек.
Грант беру туралы шешімді грант ұсыну бойынша комиссия қабылдайды, оның құрамына Ұлттық Банк пен басқа да ұйымдардың өкілдері кіреді. Байқау алды іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін өтінімдер тәуелсіз шолушылардың қорытындылары негізінде қарастырылады. Зерттеу тақырыптарының тізімі, талаптары, таңдау шарттары, өтінімдер қабылдау мерзімі мен әдісі Ұлттық Банктің www.nationalbank.kz сайтында жарияланады.
Қарау саны: 2719 |
|
|