Қазақстан елшісі сауд ханзадасымен кездесті
30.07.2020
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арынның Kingdom Holding Company төрағасы-ханзада әл-Уәлид бен Талалмен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар денсаулық сақтау, туризм, қонақ үй бизнесі, мұнай химиясы және т.б. салалардағы инвестициялық және әлеуметтік маңызы бар қазақстандық жобаларды іске асыруға екіжақты қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан мен ханзада әл-Уәлид бен Талал басшылық ететін "Alwaleed Philanthropies" қайырымдылық қоры арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және тәжірибе алмасу мәселелері әңгіменің жеке тақырыбы болды. Бен Талал басқаратын Kingdom Holding әлемдегі ең ірі инвестициялық конгломераттардың бірі болып табылатынын атап кеткен жөн, оның қызметі авиация, қаржылық қызметтер, жылжымайтын мүлік, туризм, БАҚ, мұнай химиясы, денсаулық сақтау, білім беру, технологиялар және тағы басқа да көптеген бағыттарды қамтиды. Бүгінгі таңда Kingdom Holding Citigroup, Twitter, Uber, AccorHotels, Four Seasons, Savoy, Fairmont, Jingdong Inc, Rotana және т.б. сияқты әлемдік брендтердің акцияларына ие. Сауд Арабиясы холдингінің Қазақстан аумағында орналасқан бірқатар халықаралық қонақ үйлерде де активтері бар. Өз кезегінде Alwaleed Philanthropies Қоры ірі қайырымдылық ұйым болып табылады, оның негізгі қызметі бүкіл әлемдегі кедейшілікпен күресуге, табиғи апаттар құрбандарына көмектесуге, әйелдер мен балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді қайырымдылық инвестициялар арқылы академиялық орталықтарды қолдауға бағытталған. Қор өзінің қырық жылдық қызметі ішінде әлемнің 189 елінде сомасы 4 млрд. АҚШ долларынан асатын 1 млрд-тан астам адамға түрлі көмек көрсетті. Осы жылдың мамыр айында Қор Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына COVID-19 пандемиясымен күресуге 30 млн.АҚШ долларын бөлді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың шілде айының ортасында Берік Арын SAJ Group компаниясының негізін қалаушы және иесі Хуссам әл-Делайганмен келіссөздер жүргізген болатын. Кездесу барысында елдер арасындағы түрлі салалардағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде SAJ Group-тың ауыл шаруашылығы, металлургия және тау-кен өндіру саласындағы қазақстандық жобаларға қатысу мүмкіндігі талқыланды, сондай-ақ сауд арабиялық кәсіпкердің қарауына компания үшін қызығушылық тудыратын бірқатар қазақстандық инвестициялық жобалар берілді.
Қарау саны: 3118 |
|
|