Президент
25.05.2021
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы банктік, микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлады Ақорда сайты. Қаржылық және басқа да қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін Заңда, атап айтқанда, банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық режимін енгізу, проблемалық берешек туындаған кезде борышкерге уәкілетті органға жүгіну құқығын беру; мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды), негізгі борыш сомасына қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді капиталдандыруға тыйым салуды белгілеу және басқа да шаралар көзделген. Қабылданған Заңға сәйкес, несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан бес жылға дейін қысқартылды. Коллекторлық қызметті реттейтін түзетулер коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлерінен борышкермен өзара іс - қимыл жасауға тыйым салуды және борышкермен өзара іс-қимыл кезінде аудио-және бейнетіркеуді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді белгілеуді және бірқатар өзге де нормаларды көздейді. Заң микрокредит беру саласындағы тәуекелдерді шектеуге, алаяқтық іс-әрекеттерге жол бермеуге және сыйақының шекті мөлшерлемелерінен асып кетуге бағытталған бірқатар шараларды енгізеді. Банктер мен МҚҰ номиналды мөлшерлемелер және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге міндетті, мемлекеттік кредиттік бюро қадағалау мақсаттары үшін осы мәліметтерді реттеушіге беруге міндетті. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) қаржы ұйымдарының жарнамасына мониторинг жүргізу өкілеттігі беріледі. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Қарау саны: 2712 |
|
|