Әсет Ерғалиев
26.05.2021
2021 жылғы 21 мамырда Жас сарапшылар клубының отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пандемия жағдайында Қазақстан экономикасының дамуы және дағдарыстан туындаған жаһандық үрдістер туралы айтып берді.
Кездесу ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өтті.
Әсет Ерғалиев пандемия "ковидтен кейінгі дәуірде" әлемдік экономиканы қалыптастыратын өмірдің барлық салаларындағы құрылымдық өзгерістерді жеделдететінін атап өтті. Үрдістер қатарында – жаппай цифрландыру, серпінді инновациялардың жылдам өсуі, жаһандандыру және өңірлендіру, әлемдік сауданың фрагменттелуі, инвестициялар үшін жаһандық бәсекелестіктің күшеюі, "жасыл" экономикаға жедел көшу, теңсіздіктің ұлғаюы.
"Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы іске асырылды. Бұл халық пен бизнесті қолдау жөніндегі шұғыл шаралар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар және Экономикалық өсуді қалпына келтірудің кешенді жоспары. Нәтижесінде, 2021 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылдың наурыз айынан бастап алғаш рет оң аймаққа шығып, 0,7% — ды құрады", - деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.
700 мың кәсіпкер 1 трлн теңге сомаға салық жеңілдіктерін алды, кәсіпкерлердің 40 мың жобасы жеңілдікті несиелер алды. Зардап шеккен сала қарыз алушыларының 80% - ға жуығы несиелер бойынша төлемнің кейінге қалдырылуына ие болды, 7 млн қазақстандық төтенше жағдай және карантин кезеңінде табысынан айырылу бойынша төлем алды.
Министрдің айтуынша, 2021 жылға арналған Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша өзектендірілген кешенді жоспар аясында 60-тан астам қолдау шаралары қарастырылған. Олар бизнеске жүктемені азайтуға, кәсіпкерлердің қаржыландыруға және сұраныс нарықтарына қол жеткізуін жеңілдетуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған.
"Барлық шараларды іске асыру нәтижесінде ШОБ – та жұмыспен қамтылғандар саны 3,5 млн-нан 4 млн адамға дейін, ал ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 2025 жылға қарай 30% - дан 35% - ға дейін өседі. Мемлекеттің экономикадағы үлесі 14% — ға дейін қысқарады", — деді Ерғалиев.
Инвестициялар тарту үшін жаһандық және өңірлік өндірістік тізбектерге интеграциялау, бәсекелестік артықшылықтар негізінде жаңа тауашаларды іздестіру, Global-2000 тізімінен тікелей шетелдік инвестициялар мен трансұлттық компанияларды өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенге белсенді тарту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.
"Экономиканың сапалы өсімі салық-бюджет тұрақтылығын және тиімді монетарлық саясатты сақтау, қаржы нарығын дамыту есебінен қолдау табады. Бүгінгі таңда коронавирус пандемиясымен туындаған өзгерістер қазақстандық экономиканы үдемелі құрылымдық трансформациялауға мүмкіндік береді", — деп қорытындылады Ұлттық экономика министрі.
Қарау саны: 3776 |
|
|