Қазақстанда Құрбан айт мерекесін атап өтеді
31.07.2020
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады "Асыл
дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани
құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі
мұсылман әлемінде алатын орны ерекше. Тарихымызбен тамырлас,
танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен
татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен
парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол
ашады. Бүгінде жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті
жеңіп шығу үшін бізге тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет.
Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды
бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса
маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз.
Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің
мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді. «Сабыр – сәулетті
байлық» дейді халқымыз. Рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты
еңсеретінімізге сенемін. Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Халқымыздың
амандығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт
баршамызға жақсылық әкелсін!" - деді Мемлекет басшысының жолдауында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ қасиетті мерекемен құттықтады: "Қадірлі қауым! Баршаңызды
күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын
жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан
амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді. ... Алла
Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін
жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болғандарды мейіріміне бөлеп, науқас
жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!"
Қарау саны: 3124 |
|
|