Түркістан облысын дамыту жоспары
02.06.2021
Ағымдағы жылдың 1 маусымында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын таныстырды. Министрдің айтуынша, Облысты дамытудың кешенді жоспарын іске асыру 2025 жылға қарай қамтамасыз етіледі:
"Кешенді жоспарды уақтылы және толық іске асыру нәтижесінде жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) нақты өсуі 2025 жылы 6,3% — ды құрайды", — деп атап өтті Әсет Ерғалиев. Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды және қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады.
Халықтың 100% — ы сумен жабдықтау, 85,4% - ы газбен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Ауыл шаруашылығы саласында 810 млрд теңгеге 93 инвестициялық жоба іске асырылады.
5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысаны, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарының құрылысы жоспарланған. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 3,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2,7 трлн теңге — жеке инвестициялар, 530,6 млрд теңге — республикалық бюджеттен, 348,5 млрд теңге-жергілікті бюджеттерден.
"Кешенді жоспарды іске асырудың 5 жылы ішінде 3,6 трлн теңгеге 142 іс-шара орындалатын болады. Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі", — деп түйіндеді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Қарау саны: 2765 |
|
|