Қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекова қайтыс болды
03.08.2020
3 тамызға қараған түні 55 жасында Қазақстан Азаматтық альянсының президенті, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, профессор Салтанат Рахымбекова қайтыс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның жолдасы – "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековке, жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. "Салтанат Темірқұлқызы ұзақ жылдар бойы қоршаған ортаны қорғау саласында жемісті жұмыс істеді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіруге, "жасыл" экономиканы дамытуға үлес қосты. Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағының ортақ төрайымы, елдің Азаматтық альянсының президенті бола отырып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысты. Ол туралы жарқын естелік біздің жүрегімізде мәңгі қалады", — делінген жеделхатта. Салтанат Рахымбекова 1965 жылы 18 ақпанда Қазақ КСР Шымкент облысының Жамбыл ауылында дүниеге келген. "Құрмет" орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен және Қазақстанның бес мерейтойлық медалімен марапатталған. "Жасампаздық" халықаралық қоғамдық сыйлығының лауреаты. "Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы" атағына ие. 2020 жылдың 24 маусымында Салтанат Рахымбекова Қазақстан Азаматтық альянсының президенті болып сайланды. Экономикалық зерттеулер институты Салтанат Рахымбекованың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Қарау саны: 3009 |
|
|