Экономиканың креативті секторын дамыту мәселелері бойынша
15.06.2021
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте экономиканың креативті секторын дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.
Отырыста экономиканың креативті секторына жатқызылуы мүмкін экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары қаралды.
Тізімді дайындау кезінде БҰҰ-ның креативті индустрияларды анықтау тәсілдері ескерілді.
Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының ұсынысы бойынша экономиканың креативті секторына 14 бағыт: дизайн, өнер, сән, кино, музыка, теледидар, медиа, ақпараттық технологиялар, компьютерлік графика, компьютерлік ойындар, баспа ісі, сәулет, маркетинг, мәдениет саласындағы білім бойынша 55 қызмет түрін (ЭҚЖЖ) жатқызу ұсынылды.
"Қазына Капитал Менеджмент" АҚ-ның креативті индустриялардың венчурлық қорын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстары қаралды, соның арқасында креативті кәсіпкерлік саласындағы объектілерді қолдауға болады.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында креативті адамдардың жұмысы мен өзара іс-қимылы үшін екі креативті кластерді дамыту мәселелері талқыланды. Мұндай алғашқы алаңдар осы жылы елордадағы "Жастар" сарайы мен Алматы кітапханаларының базасында пайда болады.
Кеңеске қатысушылар халықаралық компанияларды тарта отырып, "Қазақфильм" киностудиясы базасында кластерді дамытуды жалғастыру мүмкіндігін талқылады.
Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, креативті экономиканы дамыту үшін Қазақстанда қажетті адами капитал бар. Елде шығармашылықпен айналысу ыңғайлы болатын, ал креативті өнімді әлемдік нарыққа сату оңай әрі тиімді болатын институционалдық жағдайлар жасау міндеті тұр.
Сондай-ақ мынаны оқыңыз: Нұр-Сұлтанда креативті индустрияларды дамыту жөніндегі кеңес құрылды
Қарау саны: 2791 |
|
|