ҚР Премьер-Министрі азық дайындау мәселелері бойынша
21.07.2021
Асқар Мамин азықты халық үшін қолжетімді бағамен сату мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды Қазақстанда азыққа 10,6 млн тонна шөп дайындалды, тағы 14,5 млн түрлі азық түрлері қосымша дайындалады. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин азық дайындау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Үкімет басшысының сайты. Асқар Мамин азық дайындау жұмыстарын жандандыру, шабындықтар беру мәселелерінде өңіраралық өзара іс-қимылды нығайту, құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің мұқтаждықтары үшін азық қорларын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Кеңесте өңірлерде азық дайындау жоспарлары анықталды. Ағымдағы жылдың 18 шілдесіндегі жағдай бойынша 10,6 млн тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 44% - ы дайындалды. Қосымша 1,6 млн тонна пішендеме, 2,1 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна концентрацияланған жемдайындалады . Шөп шабуды ұйымдастыру үшін 255,8 мың га алқапқа орман алқаптарының аумақтары берілді. 6,5 мың шабындық бригадасы ұйымдастырылды. Әкімдіктер 41,4 мың тонна жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) жеңілдетілген бағамен қайта бөлді. "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ 170 мың тонна көлемінде 4-5 санатты арпа мен бидай сатып алуды қаржыландырды, қосымша 30 мың тонна компанияның ішкі резервтері есебінен қайта бөлінеді. Азық дайындау мәселелерін тұрақты мониторингілеу және жедел шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан Республикалық жедел штаб жұмыс істейді. "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күрделі құрғақ кезеңде шаруаларды азықпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізу және жедел шешімдер қабылдау міндетін қойды", — деді Асқар Мамин. Министрлер Кабинетінің басшысы халық үшін азық-түлікті қолжетімді бағамен сату мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы өндірушілерімен, ұн тарту кәсіпорындарымен және құрама жем зауыттарымен меморандумдар жасасу қажеттілігі көрсетілген. Жамбыл облысының халық үшін қолжетімді бағамен шөп пен азықты сату үшін арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырудағы оң тәжірибесі атап өтілді. Солтүстік облыстардың әкімдіктеріне сабан жинауды барынша қамтамасыз ету міндеті қойылды. Премьер-Министр "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ үшін Үкімет резервінен 200 мың тонна көлемінде астық қорын форвардтық сатып алуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шөп шабу мүмкіндігін қамтамасыз ету, Энергетика министрлігіне ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, шөп шабу науқанына арзандатылған ЖЖМ қосымша бөлу тапсырылды. "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ Маңғыстау және Қызылорда облыстарына азық тасымалдауға төмендетілген тарифпен қамтамасыз ету міндетін қойды. Мал азығын дайындау бойынша ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, өңірлердегі жағдайлар туралы — Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, шаруаларды жанар — жағармай материалдарымен қамтамасыз ету - Энергетика вице — министрі Әсет Мағауов, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сумен қамтамасыз ету және шабындықтарды ұсыну -Экология, геология және табиғи ресурстар вице — министрі Серікқали Бірекешев баяндады.
Қарау саны: 2663 |
|
|