Үкімет Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша

08.09.2021

Үкімет Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар қабылдады

Ұлттық экономика министрі ұсынған ЖҰЖ 7 бағыт және 5 бастама бойынша 102 тармақтан тұрады.

 

Үкімет ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдады, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.



Әсет Ерғалиев ұсынған Жалпыұлттық жоспар (ЖҰЖ) қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 7 бағыт пен 5 бастама бойынша 102 тармақтан тұрады.

Бірінші бағыт бойынша 27 іс-шараны іске асыру көзделген.

  • Кәсіпкерлікті дамыту үшін 2022 жылы "Қарапайым заттар экономикасы" және "Бизнестің жол картасы" бағдарламаларын іске асыру жалғасатын болады. Қаржыландыру көлемі кемінде триллион теңгені құрайды.
  • Мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы әзірленетін болады. Тұжырымдама бюджет саясатын, мемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтитын болады. 
  • "Өндірушіден тұтынушыға дейін" тізбегі бойынша бағаларды бірыңғай бақылау үшін негізгі мемлекеттік орган айқындалатын болады.
  • "Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы" Заң әзірленетін болады. Ауыл шаруашылығында субсидиялау тетіктерін ұзақ мерзімді негізде бекіту көзделіп отыр.
  • 100 мыңнан кем емес жоғары білікті IT-мамандарды даярлау, 2025 жылға қарай цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлар экспортын 500 млн долларға дейін арттыру жоспарлануда.


  • Инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылатын болады.
  • Экономикалық айналымға тоқтатылған кепілдік активтерді қайтару туралы заң жобасы әзірленетін болады.
  • Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарлары бағаларының қол жетімділігін және олардың көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды әзірлеу жоспарлануда.

Екінші бағыт бойынша 8 іс-шара жоспарланған.

  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алу жеделдетіледі. Медициналық бөлімдердің зертханалық және техникалық сынақтарын өткізу орталығын құру жоспарлануда
  • "Салауатты ұлт" ұлттық жобасы шеңберінде кемінде 12 санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханасы жоғары технологиялық жабдықпен қамтамасыз етіледі.
  • Отандық тауар өндірушілермен оффтейк-келісімшарттардың көлемі мен номенклатурасы кеңейтілетін болады.

Үшінші бағыт бойынша 12 іс-шара іске асырылады.

  • "Білім туралы" Заңға үлгілік оқу жоспарларын алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.
  • Мұғалімдерді үш жылда бір рет қайта оқытуды ұйымдастыру жоспарлануда.
  • Қашықтықтан оқыту форматтары үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру жалғастырылады, сондай-ақ "Цифрлық мұғалім" жобасы іске асырылады.
  • Дарынды балалар мен оларды тәрбиелеген педагогтерге жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне гранттар, біржолғы ақшалай сыйлықтар беру көзделіп отыр.
  • Мектептердегі орын жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 2025 жылға дейін кемінде 1000 мектеп салу жоспарланған.
  • "Жас талап" жобасы шеңберінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамтуды қамтамасыз ету жоспарлануда.


Төртінші бағыт бойынша 22 іс-шараны іске асыру көзделген.

  • "Агломерацияларды дамыту туралы" Заң әзірленетін болады.


  • Бекітілген Жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес Өңірлерді дамыту жоспарларын өзектендіру көзделеді.
  • Стратегиялық инвесторлармен бірлесіп кемінде 2400 МВт жаңартылатын энергетика қуаты іске қосылатын болады.
  • Орта мерзімді перспективада газдандыруды жүргізу және неғұрлым ластанған 10 қаланы баламалы энергия көздеріне көшіру жоспарлануда.
  • Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде барлық қалалар мен ауылдар таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

  • Ресурстарды ұқыпты пайдалану мақсатында 120 арна қайта жаңартылып, 9 жаңа су қоймасы салынатын болады.

  • Бюджеттік процестерді оңайлату, төрешілдікті түбегейлі азайту және цифрлық құралдарды қолдануды кеңейту бойынша заңнамалық түзетулер енгізіледі.
  • Жергілікті бюджеттердің абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағдарламаларында "халықтық қатысу" бюджетінің үлесі ұлғайтылатын болады.

Бесінші бағыт бойынша 6 іс-шара жоспарланған.

  • "Кәсіптік біліктілік туралы" Заң және жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігі әзірленетін болады.
  • Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленетін болады.
  • Елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта форматтау көзделеді.

Алтыншы бағыт бойынша 13 іс-шараны іске асыру көзделген.

  • Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетігі әзірленетін болады.
  • Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті есепке алу туралы нормалар заңнамалық тұрғыдан бекітіледі, сондай-ақ квоталанатын азаматтар санаттарының тізбесі кеңейтілетін болады.
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес мақсатында орта мерзімді кезеңге арналған тиісті стратегиялық құжат бекітіледі.
  • Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі.
  • Алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу жоспарлануда.

Жетінші бағыт бойынша 5 іс-шара жүзеге асырылады.

  • Жаңа мәдениеттің дарынды өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын әзірлеу жоспарлануда.

  • Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігі қаралатын болады.
  • "Ұлттық Рухани Жаңғыру" ұлттық жобасы аясында патриотизм, білімге ұмтылу және еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді дәріптеу бойынша шаралар әзірлеу көзделіп отыр.

 

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 бастамасын іске асыру мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады:


I. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады.

II. Бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға ынталандыру шаралары әзірленетін болады.

III. ЕТҚ жүктемесін 2023 жылдан бастап 34% - дан 25% - ға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу жоспарлануда.

IV. Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20% - ға ұлғайту көзделіп отыр.

V. Тұрғын үй сатып алу үшін "Отбасы банкіндегі" шотқа ең аз жеткіліктілік шегінен жоғары зейнетақы аударымдарының бір бөлігін аудару мүмкіндігі берілетін болады.


"Үкімет жұмысының маңызды бағыты Мемлекет басшысының азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру болып табылады. Жалақыны арттыру, жеке сектордың үлесін арттыру, салық жүктемесін азайту арқылы халықтың нақты кірістерінің өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады", — деді Асқар Мамин. 



Үкімет басшысы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қойылған міндеттерге толық жауап беретінін атап өтті



Премьер-Министр орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары жоспар іс-шараларының сапалы және уақтылы орындалуына дербес жауапты болатынын атап өтті.

 

Сондай-ақ мынаны оқыңыз: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үшінші Жолдауын ұсынды

 

ҚР ҰЭМ басшысы Үкіметке 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін ұсынды



Қарау саны: 2585
Сақталған: 30.10.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!