Бизнестің жаңа реттеушілік саясаты
22.09.2021
Әсет Ерғалиев жаңа реттеуші саясаттың негізгі тәсілдерін атап өтті «1 in-2 out» қағидатын енгізу, Міндетті талаптар тізілімін құру, есептілікті толық цифрландыру, мемлекеттік бақылаудың жаңа нысаны көзделуде. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеу саясаты бойынша заң жобасының негізгі қосымшалары туралы айтты, — деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. «Таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттестігінің базалық қағидаттарын жетілдіруді, «1 in-2 out» қағидатын енгізуді, міндетті талаптар тізілімін, бизнес есептілігін цифрландыруды және мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді», — деді министр.
«1 in 2 out» қағидатын енгізу мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талаптың күші жойылады деп болжайды. Міндетті талаптар тізілімі жасалатын болады, ол нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған барлық талаптардың тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурс болады. Тізілімде НҚА-ның жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалатын болады. Сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады. Осылайша, Тізілім бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, тек электрондық нысанда есеп беру, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру туралы талап заңнамалық түрде бекітіледі. 2022 жылы автоматтандырылған есептілік ұсынылатын ақпараттық жүйелерді интеграциялау жүргізіледі деп жоспарлануда. 2023 жылы автоматтандырылмаған есептілік нысандары, сондай-ақ тәуекелдерді бағалау және басқару жүйелері цифрландырылады. Заң жобасында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау қарастырылады. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандары тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшуді қамтитын болады. Барлығы үш алдын алу іс-шарасы, оның ішінде тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру; нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындалатын жоспардан тыс тексерулер және «тергеу», қарастырылатын болады. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылады. «Тергеу» мемлекеттік бақылаудың жаңа нысаны заңнама талаптарын бұзғаны, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және ұлттық қауіпсіздікке залал келтірген оқиғалардың пайда болуы үшін себептер мен жауапты адамдарды анықтау жөніндегі шаралар кешенін қамтиды. «Бұл бизнеске жүктелген әкімшілік жазалау шараларын қысқартуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау кезінде жедел ден қою шараларын қолдану есебінен бизнестің кінәсінен төтенше жағдайлар қаупін азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Әсет Ерғалиев. ҰЭМ басшысы түбегейлі тексерістің бірінші кезеңіне сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтану қызметтері, тұру және тамақтану қызметтері сияқты бес басым саладағы талаптар жататынын хабарлады. Бұл салаларда 2023 жылға дейін санэпидқадағалау, ветеринария, сертификаттау және т.б. бөлігіндегі талаптар қайта қаралатын болады. Қалған салалар бойынша талаптарды қайта қарауға келетін болсақ, олар 2023 жылға жоспарланған. Әсет Ерғалиев сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі бизнес-омбудсменмен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп сарапшылар пулын және бизнеске қатысты талаптарды қамтитын НҚА талдау мен бағалау жүргізу қорытындыларын талқылау кестесін қалыптастырғанын хабарлады. Сарапшылар бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар үшін қолданыстағы міндетті талаптарды талдау мен бағалау және жаңа тәсілдер бойынша оқыту семинарларын өткізеді. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау, Сауда және интеграция, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Білім және ғылым министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тамақтану саласындағы талаптарға тексеру жүргізілді. Жұмыс қорытындысы бойынша қоғамдық тамақтану саласындағы 62 НҚА қаралып, талаптардың 48%-ы базалық шарттарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Қарау саны: 2661 |
|
|