Асқар Мамин су ресурстарын пайдалану
06.10.2021
Асқар Мамин су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды тапсырды Бес жыл ішінде 120 арнаны қайта жаңарту және 9 ірі су қоймасын салу жоспарлануда.ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы арналар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралды, деп хабарлады Үкімет басшысының сайты. Президент 2025 жылға қарай суармалы жерлер алаңын 2,2 млн гектарға дейін, ал 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін кеңейту міндетін қойдыБүгінде халық пен экономика салаларының қажеттіліктері үшін су тартудың жалпы көлемі шамамен 25 текше км құрайды. Жыл сайын қажеттіліктер артатын болады, бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологиялар енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу және тасымалдау есебінен судың артық шығыны жыл сайын 1,2 текше км-ға қысқартылатын болады.
Өңірлік деңгейде қолданыстағы гидротехникалық құрылыстарды, жайылымдардағы құдықтар мен ұңғымаларды жаңғырту, жөндеу және оларға қызмет көрсету жүргізіледі. "Жаңа су қоймалары мен арналарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану 6,4 текше км көлемінде қосымша жалпы су жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасында да көрініс тапты", — деді А. Мамин. Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде тоғыз ірі су қоймасын салудың, 120 арнаны реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде 2025 жылға дейін суармалы алаңдарда су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі өңірлік жол карталарын әзірлеу, сондай-ақ қолданыстағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және жайылымдардағы ұңғымаларды жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, ылғал сүйгіш дақылдар — күріш пен мақта егістіктерінің алқаптарын кезең-кезеңімен төмендету мәселесін пысықтау тапсырылды. Отырыста Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.
Сондай-ақ оқыңыз: ERI сарапшысы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі туралы
Қарау саны: 2536 |
|
|