Үкіметке ҰЭМ әзірлеген ұлттық жобаларды

12.10.2021

Әсет Ерғалиев Үкіметке Ұлттық экономика министрлігінде әзірленген ұлттық жобаларды таныстырды

Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобалар.

 

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Мемлекет басшысы бұдан бұрын (24 қыркүйек) тұжырымдамалық тұрғыдан мақұлдаған Ұлттық жобалар қаралды.

 

Әсет Ерғалиев Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген үш ұлттық жобаны таныстырды.

Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сондай-ақ «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобалар.


Аталған ұлттық жобалар Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасын орындау мақсатында әзірленді.

 

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы 5 бағытты қамтиды.

Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты арттыру.

Аталған бағыттарды іске асыру аясында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген.

 

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.

Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда.

 

Ұлттық жоба аясында мың белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350 жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады.


Өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда.

 

Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6%-ға жетеді.

 

Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады.

 

Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрап, ал шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестициялар 75%-ға арттады.

 

Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2000 мегаватт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаттарын іске қосу жүзеге асырылатын болады.

 

Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемі 2,3 млн. шаршы киллометрге дейін ұлғаятын болады.

 

 

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және жаңа тауашаларды қалыптастыруға, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған.

 

Аталған бағыттарды іске асыру аясында 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара көзделген.

 

Қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 1 трлн-нан астам теңге, жергілікті бюджеттерден 125 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етіледі.

 

Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдайлар жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

 

Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі - кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету.


Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда.

 

Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын болады.

 

«Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есеге өседі, соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетілетін болады.

 

Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылатын болады.


Жекешелендіруді дамытуға бағытталған шаралар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуды көздейді.


Жалпы алғанда, қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35% дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін болады.

 

 

«Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің өңірлері арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 4 міндет, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген.

Қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте
4 трлн теңгеден астам, жергілікті бюджеттерде 786 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

 

«Мықты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мынадай негізгі шараларды іске асыруды көздейді:

  • Тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тарту.
  • 16 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы.
  • «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру және екінші жолдарды салу есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін бес есеге ұлғайту.
  • «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысы.

Ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша мынадай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады:

  • Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау
  • және су тарту қызметтеріне 100% қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
  • 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561 тірек және спутниктік ауыл жаңғыртылады.
  • 103 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Республикалық маңызы бар барлық жолдар жақсы жағдайға жеткізіледі, ал жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 95%-ды құрайды.
  • Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025 жылға қарай 30 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

«Үш ұлттық жобаны тиімді іске асыру тұрақты экономикалық өсімді 5%-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27%-ға арттыруға және бүкіл ел бойынша 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі инфрақұрылым сапасы бойынша ұстанымын 40-орынға дейін жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ҚР Ұлттық экономика министрі.



Қарау саны: 2581
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!