Мемлекеттік ведомстволар

13.10.2021

Мемлекеттік ведомстволар Қазақстанның ұлттық даму жобаларын ұсынды


ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның министрліктерімен әзірленген ұлттық жобалар қаралды деп хабарлайды primeminister.kz сайтында.

 

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады

  

ҚР ҰЭМ басшысы ведомство әзірлеген үш жоба туралы айтып берді: «Олар “Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу", “Кәсіпкерлікті дамыту”, сондай-ақ “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобалар».

 

 «Ұлттық экономика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Ақпараттық-түсіндіру жұмысын, сондай-ақ Ұлттық жобаларды іске асырудың тұрақты мониторингін жүргізетін болады», — деп түйіндеді Әсет Ерғалиев.


ҚР ҰЭМ әзірлеген ұлттық жобалар туралы нақтырақ. 


 Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірледі.

Ербол Қарашүкеевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды:

·      еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;

·      отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу;

·      өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын екі есеге ұлғайту;

·      жеті ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен бір млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

 

 

Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болады. Ол үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін шаралар кешені әзірленді

 

«Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар пулындағы 194 жоба – өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар. Бұл, сайып келгенде, агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.

 

Ол сонымен бірге, ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында жеті экожүйе қалыптастыру болмақ екенін атап кетті. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді.

 Жалпы, бес жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда.


Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев хабарлағандай, ведомство «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірледі.

 

«Ұлттық жоба халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған», —деді министр.

 

Бірінші бағыт — «Таза Қазақстан» атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

 

«Су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр.

Екінші бағыт – «Үнемді Қазақстан». «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше км азайту жоспарлануда. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше км құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы екінші міндет – өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде арттыру.

«Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65% құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру көзделіп отыр.

Төртінші бағыт  — «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған.

«Ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу және оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады», — деді ҚР ЭГТРМ басшысы.

 

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыратыны туралы ведомство басшысы Бағдат Мусин мәлімдеді.

 

Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған: 


  • Интернет желісінің ену деңгейі, яғни пайдаланушылардың саны 91%-дан 95%-ға жеткізу;
  • Мемлекеттік қызметтерді 9 күннен 5 минутқа дейін қызмет көрсету уақытын қысқарту;
  • Бизнестен талап етілетін деректердің 50% онлайн есепке алу; Қазақстан территориясы арқылы Азия-Еуропа жалпы транзиттік деректердің трафик деңгейін 3%-дан 8%-ға жеткізу;
  • IT-экспорты $500 млн жеткізу;
  • Инновациялық өнім көлемін 1,7 ден 2,5 трлн теңгеге арттыру;
  • ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «ҒЗИ сапасы» бойынша 65-орынға жеткізу;
  • Коммерцияландыру жобаларын жеке қоса қаржыландыруын 50%-ға жоғарлату.

 

Ұлттық жоба 10 бағыт және 208 іс-шарадан тұрады. Срок действия нацпроекта: 2021-2025 гг. 


Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. 



ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ: қызметтерді 5 минут ішінде көрсету; IT саласын дамыту; халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекетті құру; ыңғайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану; технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту; сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.


ҒЫЛЫМ: ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту – ғалымның басты назарында; ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру; елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру, яғни «ғылым-өндіріс-бизнес» принципін қолдану; ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру.

 

Ұлттық жобаны іске асыру үшін 1,4 трлн теңге қажет болады. Қаражаттың басым бөлігі – 833 млрд теңге – ғылымға және 587,8 млрд теңге - цифрландыру мен инновацияларға бөлінеді.

 

Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтің айтуынша, «BILIMDI ŪLT» баршаға арналған сапалы білім» ұлттық жобасы әзірленді


Ұлттық жоба 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы, Қазақстан-2050 Стратегиясы, Мемлекет басшысының және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерді қамтыды. Жалпы ол 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шарадан тұрады.

 

Бірінші міндет. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету.

«Ол үшін біз мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамытамыз, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде барлық балабақшаларда баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі», — деді білім министрі.

Екінші міндет орта білім беру жүйесінің сапасын арттыруды қамтиды. Ұлттық жоба шеңберінде біржағынан қала мен ауыл, және өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, екінші жағынан жалпы республиканың білім сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қарастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтердің жалақысын әрі қарай өсіру мәселесі қамтылды. Оқулықтарды әзірлеу және оларға сараптама жүргізуге жаңа тәсілдер әзірленеді, педагогтердің кәсіби дамыту жүйесі жетілдірілетін болады. Пандемияға және алдыңғы оқу жылындағы қашықтан оқытуға байланысты, білімдегі олқылықтарды қалпына келтіру бағдарламаласын іске асыру, «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру Ұлттық жобаға енгізілді.

2023 жылдан бастап толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру жоспарлануда

 

Үшінші міндет. Мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2025 жылға қарай 1000 мектептің құрылысы жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді толығымен жою күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылады.

 Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтамасыз ету үшін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың балаға 1 ПМПК есебінен жаңарту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. 43 ПМПК ашылады.

 

Төртінші. Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту көзделген. Колледждерге академиялық дербестік беріледі және барлық оқу бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады. «Жергілікті бюджет есебінен колледждерді заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Барлық колледждерде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттіліктерді анықтайтын демонстрациялық емтихан енгізіледі. Дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындарды ынталандыру есебінен 2025 жылға қарай дуальді оқытумен қамту өседі», — деді министр.

Бесінші міндет. Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны өседі. Оқу бағдарламалары жаңа жағдайларға бейімделеді.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 академиялық артықшылық орталығы және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоғары оқу орны құрылады. Сонымен бірге 2025 жылдың соңына дейін шетелдің 5 жоғары оқу орнының филиалын ашу жоспарлануда.


Денсаулық сақтау министрі А. Цой ведомство 2021-2025 жылдарға арналған «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын әзірлегенін баяндады

 

Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады, ол 9 тапсырмадан, 21 көрсеткіштен, 72 іс-шарадан тұрады. Ұлттық жобаны қаржыландыру көлемі шамамен 3,6 трлн теңгені құрайды
 

Ұлттық жобаның бірінші бағытын іске асыру халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттануын 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Тірек және серіктес ауылдар 100% МСАК ұйымдарымен, бастапқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтамасыз етіледі, кемінде 40 денсаулық сақтау объектісі мен 2 ғылыми орталық салынады және жаңғыртылады, сондай-ақ амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің көлемі кеңейтіледі, жүкті әйелдер жеке және аралық босануға дейінгі бақылаумен, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз етіледі. 8 балаларды оңалту орталығын және 2 ерте анықтау орталығын қосымша ашу жоспарлануда, бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аса тапшы мамандықтар бойынша резидентураның білім беру гранттарының саны 3800-ге дейін, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлердің саны ұлғайтылатын болады.


Екінші бағыт шеңберінде ұлттық және жаһандық тәуекелдерге болжамдау мен ден қоюдың ғылыми негізделген жүйесін енгізу; биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларының үлесін 61%-дан 90%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

 

Үшінші бағытта қабылданған шаралар:

 

·      халықаралық стандарттарға сәйкестікке аккредиттелген зертханалардың/орталықтардың үлесін арттыруға;

·      ДЗ және МБ шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосуға;

·      ұлттық реттеушіні ДДСҰ бенчмаркингінің кемелденуінің 3-ші деңгейіне дейін жеткізуге;

·      жергілікті фармацевтикалық нарықта ДЗ және отандық өндірістің медициналық бұйымдарының үлесін 50%-ға дейін арттыруға;

·      ТМККК және МӘМС шеңберінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы жергілікті қамтуы бар ДЗ және МБ атып алу үлесін 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді

·       Төртінші бағытты іске асыру:

·       халық арасында темекі шегудің таралуын 19%-ға дейін төмендетуге;

·       салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 45%-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 50%-ға дейін арттыруға;

·       халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін 1 000 адамға 53%-ға дейін арттыруға;

дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесін 14%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.


«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде келесі әлеуметтік тиімділіктерге қол жеткізу жоспарлануда: азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру арқылы адамның өмір сүру сапасын жақсарту және белсенді ұзақ өмір сүруге қол жеткізу; халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру. Экономикалық аспектіде денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды 783 млрд теңгеге дейін ұлғайту; 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру; отандық фармацевтикалық өнімнің үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарлануда»,— деп түйіндеді министр.

 


Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева атап өткендей, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлттық кодты сақтап, бүгінгі технологиялық заманның ағымына бейімдеп, болашақтағы өркениеттік сананың негізін бекіту.

 

Ұлттық жоба негізгі үш бағытта жүзеге асырылады

 Бірінші бағыт екі негізгі міндетті көздейді. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Атап айтқанда:

 

·      халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдени деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін, бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау;

·      жалпы қоғамда, соның ішінде балалар мен жастар арасында қазақтілді орта қалыптастыру арқылы мемлекеттік тілді – ұлтаралық тіл дәрежесіне жеткізу.

Бұл міндеттерді орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағынан негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған.

 

Екінші бағыт «Ел Рухы» деген атаумен екі үлкен міндеттен тұрады. Бұл – ел ішінде мәдени қызметтердің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыру және ел сыртында отандық мәдениетті дәріптеп, танымал ету.

 

Атап айтқанда, 2025 жылға дейін:

 

·      мәдени инфрақұрылымды дамыту мен шығармашылық потенциалды барынша арттыру арқылы мәдени қызметтердің еліміздің шалғай аудан-ауылдардағы қолжетімділігін 92,5%-ға дейін жеткізу;

·      төл мәдениет пен өнеріміздің жетістіктерін әлемдік деңгейде ілгерілету үшін отандық өнімдерді шығармашылық және технологиялық тұрғыда таратудың тиімді жүйесін қалыптастыру.

Бұл мақсатта іріктелген 13 жалпыұлттық іс-шара мен 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1200 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады.

 

Үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Ол – жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды. Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

·      жастардың базалық сұраныстарын шешу, яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

·      жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

·      жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті адами капиталдық ресурсын ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.

 

Бұл бағытта ұзын саны масштабты 15 жалпыұлттық іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді.


 

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қ. Келімбетов ұлттық жобаларды сапалы іске асыру ерекше маңызға ие екенін айтты.

 

Осыған байланысты, Ұлттық жобаларды іске асыру мониторингі бойынша кеңсенің қызметін жандандыру қажет. Сапалы орындау үшін ұлттық жобаның кураторы деңгейінде әрбір ұлттық жоба бойынша апта сайын мониторингтік кеңестер өткізу қажет.

 

Ай сайын Премьер-Министрдің төрағалығымен кеңестер өткізу ұсынылады.

«Салаларды дамытудың тиісті тұжырымдамаларын жедел әзірлеу мен бекітуді қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты бастап кетті, 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін даму тұжырымдамасын бекітуді орынды деп санаймыз. ҚР Президентінің Жоғары Кеңестің отырысы барысында берілген тапсырмасына сәйкес ұлттық жобалар бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан өткізудің де маңызы зор болады», — деп түйіндеді Қ. Келімбетов.


Қарау саны: 2796
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!