Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар

27.10.2021

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен миллионнан астам қазақстандық қамтылды

Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық кеңседе жұмыспен қамту бағыты құрылады.

 

Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz. сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Қазақстанда ел халқын жұмыспен қамту бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кешені қабылданды. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен миллионнан астам қазақстандық қамтылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 200 мың адамды қамту жоспарланып отыр. 

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасын атап өтті, бұл оның 2020 жылмен салыстырғанда біртіндеп қалпына келуін көрсетеді.

"Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың 2 тоқсанында жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрады, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты. Салалар бөлінісінде қызмет көрсету саласының үлесі басым, онда өсім 48 мың адамды құрады.

Сонымен қатар, пандемия басталғаннан бері нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 12,2% - дан 7,4% - ға дейін төмендеді, ал өнімді жұмыспен қамтылған халық саны 102 мың адамға артты. Жұмыс берушілердің бастамасымен уақытша жұмыспен қамтылмағандар саны 12,3 есеге – 5 мыңнан 400 адамға дейін азайды", – деді ол.

Серік Шапкенов жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталғанын, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, 3,7% - ды құрағанын атап өтті.


"Ағымдағы жылдың 9 айында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 377 адам жұмысқа орналастырылды. 70% тұрақты жұмысқа тұрған адам. Оқумен барлығы 65 мың адам қамтылды. Бұдан басқа, кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 29 мың адам микрокредиттер мен өтеусіз гранттар алды, олардың 25 мыңнан астамы өз ісін алғаш рет ашып, қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашты. Солтүстік өңірлерге 5,5 мың адам қоныс аударды, олардың ішінде 2,3 мың адам еңбекке қабілетті жаста. Оның ішінде 1,8 мың қоныс аударушы жұмысқа орналастырылды.

Осылайша, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы 83% - ға орындалды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтанда барлық көрсеткіштер толық көлемде орындалды", – деді Серік Шапкенов.

Министр "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыты қысқа мерзімді оқыту болып табылатынын, оны биыл 13,2 мың адам аяқтағанын атап өтті. Олардың 81% - ы жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасы биыл электрондық еңбек биржасында пилоттық режимде 5 мың жұмыссыз азаматты тегін онлайн-оқытумен қамтамасыз етеді. Олардың 93% - ы курстарды тыңдап, сертификаттар алды.

"Электрондық еңбек биржасы базасында азаматтарды онлайн оқытуды ұйымдастыру үшін 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастаған арнайы портал әзірленіп, іске қосылды. Бүгінгі таңда порталда курстардың 135 авторы және 11 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Курстардың жартысынан астамы тегін және кез келген қазақстандық үшін қолжетімді. Іске қосылған сәттен бастап 6,6 мың адам оқытудан өтті, оның ішінде 4,8 мыңы – тіркелген жұмыссыздар. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа ұлттық жоба аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқытуды портал арқылы дамытатын боламыз", – деп атап өтті Серік Шапкенов.

Министр сондай-ақ, Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті қолдау шараларын "бір терезе" қағидаты бойынша онлайн-портал арқылы ұсыну көзделіп отырғанын айтты.

"Аудандардың экономикалық мамандануын анықтау үшін 163 шеберлік жоспары әзірленеді, оның негізінде мемлекеттік гранттар мен шағын несиелер беріледі. Мемлекеттік гранттар беру процесі толығымен автоматтандырылады. Бұл оларды беру кезінде адами факторларды жояды және өтінімдерді қарау мерзімін едәуір қысқартады.

Сондай-ақ, Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 150 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100 мың жаңа бизнес – идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру көзделуде", - деді ЕХӘҚМ басшысы.

Серік Шапкенов Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру барысы туралы айтып берді. 225 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, оған 7,7 мың адам жұмысқа орналастырылды.

"Өзге мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында бүгінгі таңда 464 мың жұмыс орны құрылды, оның 56% – тұрақты. Бұл жұмыс орындарының басым бөлігі "Нұрлы жер", "Аумақтық даму" бағдарламалары мен жеке бастамалар аясында құрылуда", – деді министр.

 

Ведомство басшысы цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты.

Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындау және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдамалар беру жөніндегі қызметтер Электрондық еңбек биржасы арқылы толық автоматтандырылған. Осы уақыт ішінде жоғарыда аталған қызметтерді онлайн-режимде 122 мыңнан астам азамат алды. Оның ішінде 44 мыңы — портал арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болса, 15 мыңнан астамы жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем алды.

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы бойынша процестерді автоматтандыру, мемлекеттік гранттар, микрокредиттер беру, жұмыс орнында және жұмыс берушінің тапсырысы бойынша оқыту жүргізу жоспарлануда. Бұл жұмыспен қамту саласындағы барлық қолдау шараларын автоматтандыруды 100% – ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Серік Шапкенов.


Баяндама соңында министр еңбек нарығындағы өзгерістердің перспективалары, пандемиядан, жаңа демографиялық жағдайдан және басқа да факторлардан туындаған жаңа талаптар туралы айтты.

"Біріншіден, жұмыс күшіне қойылатын талаптардың қатаң өзгеруі. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 5 жылда жұмыс күшіне қажетті негізгі дағдылардың 40% - ы өзгереді, осыған байланысты әрбір екінші қызметкерді қайта даярлау қажеттілігі туындайды.

Екіншіден, демографиялық тәуекелдер. Өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатыр. Бұл салада жастардың 20% - ы ғана жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыс күшінің 74% - ын "миллениалдар" және "Z" дәуірінің өкілдері құрайтын болады.

Сонымен қатар, жұмыстың жаңа форматтары. Қазіргі уақытта "еркін табыс экономикасы" немесе гиг-экономика, фрилансерлер қарқынды дамуда. Олардың қызметін заңнамалық реттеу және еңбек құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау қажет", - деді Серік Шапкенов.

Ол еңбек саласын бейімдеу үшін Министрлік "Кәсіби біліктілік туралы" заң жобасы, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, жұмыс күшін кәсіби оқытудан өтуге ынталандыру бойынша бірқатар бастамаларды іске асыратынын хабарлады.

Сондай-ақ, Электрондық еңбек биржасы базасында онлайн-оқыту порталын дамыту, кәсіптік бағдарлау бойынша электрондық сервистерді құру, қызметкерлерді икемді жұмыс нысанында қолдау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Отырыс барысында Үкімет басшысы белгіленген жоспарлар орындалатынын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінде экономиканың барлық салаларының қызметі қалпына келтірілуде. 

"Бұл шаралар жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге және оны 4,9% деңгейінде ұстауға мүмкіндік береді. Маңызды мәселе-тұрақты жұмыс орындарын құру, биыл олардың саны 440 мыңнан кем болмауы тиіс", — деді А. Мамин.

 

Премьер-Министр Атырау (бос орындарға жұмысқа орналасқандардың үлесі 68%), Қарағанды (66%) және Қостанай (66%) облыстарында тұрақты жұмыс орындарын құрудың оң тәжірибесін атап өтті. 

 

Министрлер кабинетінің басшысы артта қалған өңірлерге "Еңбек" бағдарламасы және Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жоспарларды орындау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Еңбек министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде экономиканың сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін кадрларға қажеттілікті айқындау мәселесін өзектендіру тапсырылды.


Асқар Мамин реттеу тетігін жедел әзірлеу және экономикалық белсенділікке жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын тарту қажеттігін атап өтті.

Еңбек министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, "Атамекен" ҰКП-мен, кәсіподақтармен, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, "Кәсіби біліктілік туралы" заң жобасын әзірлеуді және талқылауды жеделдетуге тапсырма берілді. 

"Бастау Бизнес" жобасын іске асыру Кәсіпкерлік жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалғастырылатын болады. 

 

Жұмыс істеп тұрған Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновтың төрағалығымен жұмыспен қамту бағыты құрылады. 



Қарау саны: 2568
Сақталған: 21.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!