ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен өткен COP26

02.11.2021

ҚР Премьер-Министрі COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммитке қатысты


1 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Глазгода (Шотландия) БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының (СОР26) әлемдік көшбасшыларының саммитіне қатысты, деп хабарлады primeminister.kz сайты.

 

Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан Париж келісімін әлемде алғашқылардың бірі болып ратификациялағанын атап өтті (2016 жылғы 6 желтоқсан). Аталған құжатты жүзеге асыру үшін ҚР 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15% - ға қысқартуға ниетті. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдады.

"Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3% – дан 15% - ға дейін 5 есеге, экологиялық таза көздерден алынатын энергия өндірісін 20% - дан 38% - ға дейін 2 есеге арттырады. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70% — дан 40% - ға дейін төмендейді деп жоспарлануда", - деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр 2020 жылғы желтоқсандағы Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өтті. Оны іске асыру үшін ҚР Үкіметі энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжатты әзірлеуді аяқтайды.

 

Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жерді пайдалану мен суды пайдаланудың тұрақтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін электрлендіру және кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жоспарларды іске асыру кезінде нарықтық тетіктер мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылатын болады.

Үкімет басшысы Қазақстанның Тұрақты даму бойынша Орталық Азияның Өңірлік климаттық хабы болуға бейілділігін растады. Бұл технологиялар трансферті, жасыл қаржыландыруды тарту, АХҚО жасыл қаржы орталығының және климаттық күн тәртібімен айналысатын басқа да өңірлік ұйымдардың алаңында білім мен инновациялар алмасу арқылы өңір елдерінің күш-жігерін "жасыл" экономикалық өсуді қамтамасыз етуге біріктіруге мүмкіндік береді.

 

СОР26 шеңберінде Қазақстан Орман және жерді пайдалану жөніндегі декларацияға, сондай-ақ Жастарды оқыту және тарту жөніндегі міндеттемеге қосылды.

Әлемдік көшбасшылар саммиті барысында ҚР Үкіметінің басшысы Финляндия Президенті Саули Ниинестёмен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен, Латвия Президенті Эгилс Левитспен, Нидерланды Премьер — Министрі Марк Рюттемен, Үндістан Премьер — Министрі Нарендра Модимен және АҚШ Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Джон Керримен кездесулер өткізді.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясына (Женева, 2021 жылғы 30 қараша – 3 желтоқсан) төрағалық етуге дайындығы тұрғысынан Премьер-Министр ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен және Ұлыбританияның сыртқы сауданың мемлекеттік министрі Энн-Мари Тревельянмен кездесті.

 

Сапар және екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі үкіметтерінің стратегиялық әріптестік және климаттың өзгеруіне ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

 

Құжат қоршаған ортаны қорғау, экономиканы декарбонизациялау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, "жасыл" қаржыландыру, ормандарды сақтау, жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру және т. б. салалардағы Қазақстанның әлеуетін іске асыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

 

"Қазақстан тәуелсіздік алған және дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан-Британ байланыстары өзара сенімге, ортақ құндылықтар мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік әріптестік сипатына ие болды", — делінген бірлескен мәлімдемеде.



Қарау саны: 2508
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!