ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен өткен COP26
02.11.2021
1 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Глазгода (Шотландия) БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының (СОР26) әлемдік көшбасшыларының саммитіне қатысты, деп хабарлады primeminister.kz сайты. Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан Париж келісімін әлемде алғашқылардың бірі болып ратификациялағанын атап өтті (2016 жылғы 6 желтоқсан). Аталған құжатты жүзеге асыру үшін ҚР 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15% - ға қысқартуға ниетті. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдады. Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жерді пайдалану мен суды пайдаланудың тұрақтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін электрлендіру және кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жоспарларды іске асыру кезінде нарықтық тетіктер мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылатын болады. СОР26 шеңберінде Қазақстан Орман және жерді пайдалану жөніндегі декларацияға, сондай-ақ Жастарды оқыту және тарту жөніндегі міндеттемеге қосылды. Сапар және екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі үкіметтерінің стратегиялық әріптестік және климаттың өзгеруіне ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжат қоршаған ортаны қорғау, экономиканы декарбонизациялау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, "жасыл" қаржыландыру, ормандарды сақтау, жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру және т. б. салалардағы Қазақстанның әлеуетін іске асыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. "Қазақстан тәуелсіздік алған және дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан-Британ байланыстары өзара сенімге, ортақ құндылықтар мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік әріптестік сипатына ие болды", — делінген бірлескен мәлімдемеде.
Қарау саны: 2450 |
|
|