Жаңартылатын энергетика мен денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыру барысы
10.11.2021
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында жаңартылатын энергия көздері және денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлады primeminister.kz. сайты Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ҚР жаңартылатын энергетика саласындағы инвестициялық жобалардың мәртебесі туралы баяндады. Осылайша, 2014 жылдан бастап 780 млрд теңге, оның ішінде ағымдағы жылдың 9 айында 150 млрд теңге тартылды. Жалпы энергия өндіру қуаты 1975 МВт болатын 126 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. ЖЭК — тен электр энергиясының 41% — ы күн электр станцияларында, 35% - ы жел электр станцияларында, 23,8% - ы шағын су электр станцияларында өндіріледі.
Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі "ADQ" араб компаниясымен және "Тotal Energies" француз компаниясымен уағдаластыққа қол жеткізді. Ірі ауқымды жобалар таяудағы 10 жылда 5 ГВт жаңа ЖЭК қуаттарын кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру атмосфераға парниктік газдар шығарындыларының көлемін 8 млн тоннаға азайтуға, қосымша 20 млрд кВтс жасыл энергия өндіруге және үш мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қаржы-есеп айырысу орталығының базасында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін "Бір терезе" қағидатын енгізу, ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйым мен тұтынушылар арасында екі жақты келісімшарттар жасасу мәселесін реттеу, сондай-ақ инвесторлардың мүдделерін қорғау мақсатында төрелік келісімді ресімдеу рәсімін оңайлату ұсынылады.
Инвестор компаниялардың, өңірлер әкімдіктерінің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері Түркістан, Петропавл, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Алматы және т. б. қалаларда госпитальдар салу жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндады. Үкімет басшысы жаңғыртылатын энергетика және денсаулық сақтау саласында жоспарланған жобаларды уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық мемлекеттік органдарға, өңірлер әкімдіктеріне және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі негізде жалғастыру тапсырылды.
Қарау саны: 2503 |
|
|