Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің
17.11.2021
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатыстыОнлайн-форматта өткен іс-шара барысында Ұлттық кеңес шеңберінде бұрын берілген Президент тапсырмаларының іске асырылу барысы талқыланды, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелері бойынша ҰҚСК мүшелерінің ұсыныстары қаралды. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы-еліміздің жылнамасындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
"Екі жыл ішінде ҰҚСК көптеген жақсы бастамаларды жүзеге асыруға ықпал етті. Болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер, докторанттар стипендиясы арттырылды. ЖОО оқытушыларының жалақысы артты. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеуді реттейтін жаңа қағидалар бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидиялар екі есеге артты. Нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелеріне базалық салық мөлшерлемесі арттырылды. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынады", – деді Президент.
Мемлекет басшысы биылғы жылдан бастап қазақстандықтарға жылжымайтын мүлік сатып алу, ипотекалық кредитті өтеу және емделу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін еске салды. Осы шараның арқасында жарты миллионнан астам азамат зейнетақы жинақтарын өз қажеттіліктеріне пайдаланды. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды. "Биыл алғаш рет көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан балаларға, мүгедек балаларға білім беру гранттары берілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жасөспірім тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуды қаржыландыру екі есеге артты. Енді бір балаға 730 мың теңге бөлінеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ҰҚСК мүшелерінің тікелей қатысуымен елді одан әрі демократияландыруға бағытталған реформалардың төрт пакеті қалыптастырылғанын атап өтті. "Әйелдер мен жастардың өз әлеуетін іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктері пайда болды. Бірақ біз одан әрі қарай жүреміз. Инклюзивті қоғамды одан әрі құру үшін мен сондай – ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоса отырып, партиялардың сайлау тізімдеріндегі квоталанатын санаттар тізбесін кеңейтуді ұсындым", - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайланбалылығын енгізу болғанын атап өтті. Биыл елімізде 800-ден астам ауыл әкімі сайланды. Нәтижесінде олардың құрамы жартылай жаңартылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әкімдерді сайлау институтын жетілдіруді қолдады. Президент ҰҚСК мүшелері ұсынған орта арнаулы білімі бар азаматтардың ауыл әкімдері лауазымына ұсынылуына мүмкіндік беретін норманы бекіту туралы ұсынысты қолдады. Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейдегі сайлаудың бәсекелестігін күшейтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев үгіт-насихат науқанының кезеңін ұлғайтуға және сайлау науқандарын қаржыландыруда сараланған тәсіл қолдануға болады деп санайды. Президент Әкімшілігіне бұл бастамаларды егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Президент мектептерде, колледждер мен университеттерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басымдықтардың бірі деп санайды. "Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісімшарт жасайды. Әдетте, бұл жылдың басында, яғни оқу жылының ортасында жасалады. Мұндай келісімшарттарды неғұрлым ұзақ мерзімге, мысалы, үш жылға жасаған дұрыс. Ол үшін заңнамаға түзетулер енгізу қажет", - деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесіне жеке тоқталды. Мемлекет басшысы өзінің таяудағы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1 000 мектеп салуды тапсырғанына назар аударды. "Тұрғын үй орамдарын салу кезінде баспанамен қатар мектептер мен балабақшалар салынуы керек. Үкіметке осы талаптың сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын", - деді Президент. Мемлекет басшысы білім гранттарын бөлу мәселесін де қозғады. "Қаржыландыру тікелей грант алушыға берілуі тиіс, яғни студенттің өзі оқу ақысын төлеуі тиіс. Бұл дегеніміз, ақша студенттің арнайы шотына түсуі керек, оны тек оқу ақысын төлеу үшін пайдалануға болады. Мұндай тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде бәсекелестікті арттырады. Бұл сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз етеді, оқыту сапасы мен студенттердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият қарастырғаны жөн", – деді Мемлекет басшысы. Президент бүгінде елімізде медицина кадрларының тапшылығы сезіліп жатқанын айтты. Денсаулық сақтау саласында 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. Облыс орталықтарында, әсіресе аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер жетіспейді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдерді осы мәселені шешумен белсенді айналысуға шақырды. Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды енгізу перспективаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Ол бүгінде ақпараттық базалар арасында байланыс жоқ екенін, соның нәтижесінде қағаз құжаттарды ұсыну қажеттілігі туындайтынын атап өтті. "Қарапайым мәселені мемлекеттік органдардың өздері қиындатып отыр. "Электрондық үкімет" базасына әкімдіктердің, білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін енгізу қажет. Сонда біз халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетіп, азаматтардың уақытын үнемдейміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы банктердің кепілдік саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты. Қыркүйек айында Алматыда мәжбүрлеп көшіру кезінде қоғамымызды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға орын алды. Президент бұл қылмысты ақтап алуға жол берілмейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, құқықтық мемлекетте барлық даулы мәселелер заңға қатаң сәйкестікте шешілуі тиіс. "Ешкімге өз бетінше жазалауға рұқсат жоқ. Бұл қайғылы жағдай қарыз алушылардың қарыз міндеттемелерін орындамау проблемасын жүйелі шешу қажеттілігін, алып қоюдың, іске асырудың жетілмегендігі мен ашық еместігін және банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті барабар бағаламауын көрсетті. Бүгінде біздің 540 мың отандасымыздың жалпы көлемі 354 миллиард теңгені құрайтын 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірместен қарыз алушыларды қолдау үшін салмақты шаралар қабылдау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік қаражатты жұмсау кезінде қабылданатын барлық шешімдер барынша тиімді болуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы сонымен бірге тиімді бюджеттік жоспарлауға және тұтастай алғанда мемлекеттік саясатқа халықтың әртүрлі өлшемдер бойынша градациясы тікелей әсер етеді деп санайды. Сондықтан жастардың жас шеңберін анықтайтын бірыңғай шкала әзірлеу мәселесі өзекті болып табылады. Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайту қажеттілігі атап өтілді. Ол осы жылдың маусым айында құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған "Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы" Жарлыққа қол қойғанын еске салды. "Бұған дейін менің бастамам бойынша біздің еліміз өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылды. Таяудағы Жолдауда мен Қылмыстық кодекстің нормаларын оның ережелерімен үйлестіруді және заң қабылдауды тапсырдым", – деді Мемлекет басшысы. Президент мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі ретінде ана мен баланы қолдауды белгіледі. Ол декреттік демалысқа шығатын әйелдер көбінесе кәсіби дағдылары мен құзыреттерін жоғалтатынын атап өтті. Сонымен қатар, жалғыз басты ата-аналарға балаларына тиісті бақылауды ұйымдастыру қиынға соғады. Сондықтан олар үшін ерекше еңбек жағдайларын жасау қажет. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қылмыстық заңнаманы оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жеке адамға қарсы, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл проблемалары жан-жақты зерттелетін болады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі өзгерістер демократиялық қағидаттарды нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. "Халық: "Жеті рет өлшеп, бір рет кесі" деп бекер айтпайды. Әдетте, дұрыс шешім әрқашан жан-жақты талқылау нәтижесінде болады. Бірақ сонымен бірге демократия сылтауымен қоғамға зиян келтіретін әрекеттерге жол берілмейді. Мұны ескеру керек. Біз плюрализмге ашық және радикализмнен аулақ болуымыз керек. Бұл біздің саясатымыздың басты қағидаты", - деді Президент. Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселені қозғады. Ол ұлттың жаңа өмір салтын қалыптастыру міндеті әрқашан оның назарында екенін атап өтті.
Президент өз сөзін аяқтай отырып, Тәуелсіздік – барлық қазақстандықтар үшін ең басты құндылық екенін, оны асқақ ұрандармен емес, даналықпен, біліммен, келісіммен, бірлікпен қорғау қажеттігін және бұл біздің реформаларымызды табысты іске асырудың кепілі болатынын атап өтті. Сондай-ақ, отырыс барысында ҰҚСК мүшелері Жеміс Тұрмағамбетова, Қайсар Тұрсынқожа, Тәттыгүл Талаева, Александр Данилов, Уайс Ерсайынұлы сөз сөйледі.
Қарау саны: 2579 |
|
|