ХВҚ: ҚР нақты ЖІӨ 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша
18.11.2021
ХВҚ миссиясы Қазақстан экономикасының өндірістің пандемияға дейінгі деңгейіне шығуын анықтады
Үкімет басшысына Қазақстандағы экономикалық ахуал, сондай-ақ пандемия салдарын азайту және халық пен бизнесті қолдау бойынша ҚР жүргізіп жатқан саясат бойынша ХВҚ-ның сараптамалық бағалаулары мен болжамдары ұсынылды. Миссия ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 3,5% деңгейінде ҚР нақты ЖІӨ өсімінің оң динамикасын және өндіріс көлемін пандемияға дейінгі деңгейге қайтаруды белгіледі. "Ресми органдардың ден қою шаралары күйзелістердің халықтың табысы мен экономикалық белсенділігіне әсерін жұмсартуда басты рөл атқарды. Экономикалық саясат шараларына әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын реттеу, осал үй шаруашылықтарына ақшалай төлемдер және ерекше зардап шеккен шағын және орта бизнес секторлары мен кәсіпорындарына атаулы көмек, оның ішінде жеңілдетілген несие беру және салық жеңілдіктері кірді. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясындағы жобалар жұмыспен қамтуды қолдауға көмектесті", — делінген ХВҚ миссиясының хабарламасында. ХВҚ сарапшыларының болжамы бойынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша қалпына келтіру серпінін одан әрі сақтай отырып, ҚР экономикасының өсу қарқыны 3,7% - ға жетті. ХВҚ миссиясы Қазақстанның қаржылық қадағалауды күшейту, инфляциялық нысаналау, салықтық және бюджеттік әкімшілендіруді цифрландыру жөніндегі шараларына, сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелеріне жоғары баға берді. Премьер-Министр пандемиядан кейінгі жаңа ахуал жағдайында сапалы және тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне көшкенін атап өтті. Оны іске асыру шеңберінде Үкімет өңірлік даму, кәсіпкерлік, АӨК, экология, цифрландыру, білім және ғылым, денсаулық сақтау және қоғамдық даму салаларында ұлттық жобаларды әзірледі. Бұл ретте инвестициялар тартудың жаңа тәсілдері әзірленіп, "жасыл" экономиканы қалыптастыру бағыты айқындалды. Тараптар ақша-кредит, валюта, салық-бюджет саясаты, банк саласындағы ахуал, жеке секторды дамыту және ҚР жүргізіп жатқан экономиканың құрылымдық реформалары мәселелерін талқылады. Келіссөздерге Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Келімбетов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова және т. б. қатысты. ХВҚ миссиясы ХВҚ келісімінің IV бабына сәйкес жыл сайынғы консультациялар өткізу үшін жылына екі рет Қазақстанға келеді. ——— Халықаралық Валюта Қоры (ХВҚ) халықаралық қаржы тұрақтылығына және валюта-қаржы саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі. Ол сонымен қатар халықаралық сауданы, жоғары жұмыспен қамтуды және тұрақты экономикалық өсуді және бүкіл әлемдегі кедейлікті азайтуға бағытталған. ХВҚ-ны ұйымға мүше 190 мемлекет басқарады және оларға есеп береді.
Қарау саны: 2728 |
|
|