Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындылары
ЕАЭО елдерінің басшылары Климаттық күн тәртібі шеңберіндегі ынтымақтастық туралы мәлімдемені қабылдады.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Климаттық күн тәртібі шеңберіндегі ынтымақтастық туралы мәлімдемені қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнеконференция режимінде ЕЭАС мемлекет басшылары, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ ТМД Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Денис Трефилов, Еуразиялық Даму Банкі Басқармасының төрағасы Николай Подгузовтың қатысуымен өтті
ЕАЭО мемлекеттерінің басшыларына ЖЕЭК – тің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы тапсырмасының орындалуы туралы - Одақтың ортақ газ нарығында баға мен тариф белгілеу тәсілдерін келісу бойынша атқарылған жұмыс және ішкі тұтыну үшін үшінші елдерден газ тасымалдауға тариф белгілеу мәселесі туралы баяндалды, деп хабарлайды ЕЭК баспасөз қызметі.
Газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру тұжырымдамалары мен бағдарламалары бекітілді және қазіргі уақытта оларды орындауға бағытталған іс-шаралар қарқынды іске асырылуда.
Ортақ газ нарығын құру барысында баға белгілеуге, биржалық сауданы дамытуға және газ тасымалдау жүйелеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады. Биржалық сауда-саттық тәртібі қатысушы елдердің үкіметтерімен және ұлттық биржалармен бірге әзірленуде. Жалпы газ нарығын 2025 жылдан бастап іске қосу жоспарланып отыр.
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құрудың екінші кезеңін бастап берді. Бірінші кезеңнің қорытындысы шығарылды: осы кезеңнің барлық жоспарланған іс-шаралары орындалды.
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Климаттық күн тәртібі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы туралы мәлімдемені қабылдады.
Жоғары Кеңес оларға қатысты кедендік әкелу бажының мөлшерлемесін өзгерту туралы шешімді ЕЭК кеңесі қабылдайтын сезімтал тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізді. Өзгерістер тізбені 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отырған ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының жаңа редакциясына сәйкес келтіру үшін әзірленді.
Жоғары Кеңестің келесі отырысы 10 желтоқсанда Алматыда өтеді.