Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын

15.12.2021

Көптеген халықаралық қаржы ұйымдары ҚР экономикасының 2022 жылы 4,5% - ға дейін өсуін күтуде

Премьер-Министрдің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) аралық отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

ШИК-тің инвестициялық саясатты іске асыру, энергетика, экология және мұнай-газ саласы, еңбек заңнамасы, адами капиталды дамыту және шетел жұмыс күшін тарту, цифрландыру мәселелері бойынша бірлескен жұмыс топтарының қызметі туралы "Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі" қауымдастығының басқарма төрағасы, «EY» компаниясының Қазақстан және Орталық Азия жөніндегі басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, «Total Energies Kazakhstan» басшысы Алем Фрига-Ной, «КНАУФ» компаниясының ҚР-дағы өкілі Димитри Пропп, «KPMG»-ның Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі Сакен Жумашев баяндама жасады.

 

Премьер-Министрдің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар вице — министрі Ахметжан Пірімқұлов, Денсаулық сақтау министрі Жандос Бүркітбаев өз пікірлерін білдірді.

 

Отырысқа қатысушылар жаһандық экономикалық күн тәртібін трансформациялау және оның бағытын пандемиядан кейінгі қалпына келтіруге қайта бағдарлау мәнмәтініндегі ҚР инвестициялық саясатының өзекті мәселелерін талқылады.

 

Премьер-Министр Қазақстан COVID-19 экономикалық салдарын сәтті еңсере алғанын атап өтті. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экономика өсімге қайта оралып қана қоймай, өндірістің пандемияға дейінгі көрсеткіштерінен де асып түсті. Қаңтар-қараша айларында ЖІӨ өсімі 3,8% құрады.

 

Экономиканың белсенді қалпына келуі аясында тікелей шетелдік инвестициялар ағынының өсуі байқалады. 2021 жылдың бірінші жартысында ҚР экономикасына ТШИ көлемі 30% - дан астамға ұлғайды. 

 

Шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі ақпарат және байланыс (9,4 есе), тұру және тамақтану жөніндегі қызметтер (66,1% - ға), өңдеу өнеркәсібі (57,2% - ға) сияқты салаларда байқалады.

 

Негізгі капиталға инвестициялар 11% - дан астам өсті. Инвестициялардың серпінді өсуі құрылыс (2,1 есе), өңдеу өнеркәсібі (+50,5%), ауыл шаруашылығы (+40,5%) және сауда (+34,2%) секторларында байқалады.

 

Көптеген халықаралық қаржы ұйымдары ҚР экономикасының 2021 жылы 4% - ға дейін және 2022 жылы 4,5% - ға дейін өсуін күтуде.


Дағдарыстан кейінгі қалпына келтірудің басым стратегиялық бағыттары ретінде Үкімет басшысы экономиканың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруды, жаһандық нарықтарға кешенді интеграциялануға жәрдемдесуді, ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуды, цифрландыруды, инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыруды атады.

 

Асқар Мамин өткен жылы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) газ жағудан шығарындылар үшін айыппұл есептеу кезінде кемсітушілік тәсілді жою, сондай-ақ бизнесті салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шегін оңтайландыру туралы ұсыныстары қолдау тапқанын атап өтті. 

 

ШИК — пен бірлесіп жаңа инвестициялық құрал-жер қойнауын пайдалану саласындағы жақсартылған модельдік келісімшарт әзірленді, мұнай-газ саласында шетелдік инвесторлармен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін "бір терезе" қағидаты бойынша ведомствоаралық фронт-офис құрылды, цифрландыру мәселелері бойынша тұрақты жұмыс тобы құрылды.



Қарау саны: 2618
Сақталған: 21.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!