ҚР-дағы салықтық әкімшілендіру

21.12.2021

Мәжілістегі Үкімет сағатында салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР Парламенті төменгі палатасының баспасөз қызметі.

Талқылауға Мемлекеттік органдардың, Ұлттық Банктің, "Атамекен" ҰКП, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері қатысты. 


Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, цифрландырудың басты мақсаттары-қаржы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, салық түсімдерін ұлғайту, сондай-ақ адал салық төлеуші үшін қолайлы орта құру.


Мәжіліс вице-спикерінің пікірінше, бұл үдерістердің барлығы ғылыми-сараптамалық сүйемелдеумен де, заманауи заңнамалық базамен де қамтамасыз етілуі тиіс.

 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев талқыланған мәселенің маңыздылығын атап өтіп, тауарлар мен көлік құралдарын электрондық кедендік декларациялауға көшу мақсатында 2018 жылдан бастап тауарларды әкелуден бастап шығаруға дейінгі барлық кедендік процестердің негізгі жүйесі болып табылатын "кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесі" кезең-кезеңімен енгізілгенін хабарлады.

 

"Қазірдің өзінде оң нәтижелер байқалады. Сонымен, барлық кедендік декларациялар электронды түрде ұсынылады. Бұрын декларация мен құжаттар қағаз тасығышта берілген болатын. Бұл ретте сыртқы экономикалық қызметке қатысушы оны кеңседен немесе үйден шықпай-ақ әлемнің кез келген нүктесінен кез келген ыңғайлы уақытта дербес береді. Жүйе 24/7 режимінде қол жетімді. Кедендік декларациялардың 82% - дан астамы 1 минут ішінде автоматты режимде шығарылады", - деп атап өтті баяндамашы.

 

Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру туралы айта отырып, министр мемлекеттік шекарадағы процестерге толық мониторинг жүргізетін, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде кедендік тексерістерді бақылайтын Ахуалдық орталықтың жұмысы туралы айтып берді.

 

Жұмыс барысында 5 мыңнан астам бұзушылық анықталып, қосымша 11 млрд теңге өндірілді, деп қосты ол.

 

Сонымен қатар, Электрондық декларациялау орталығы да құрылды, оның қызметі бүкіл республика бойынша бірыңғай бағаны және тиісінше сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Алдағы уақытта екі орталық кедендік операцияларды автоматтандырылған мониторингпен Бас диспетчерлік басқармаға біріктіріледі, деп хабарлады Қаржы министрі.

 

Ол сондай-ақ көлеңкелі экономика үлесінің қысқаруына және бюджетке салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал ететін тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін құру туралы хабардар етті.

 

Қаржы министрінің пікірінше, қашықтан басқарудың ең тиімді құралы "Электрондық шот-фактуралар" жүйесін енгізу болды, ол онлайн-режимде компаниялардың тауарлары мен қызметтері бойынша барлық мәмілелерді бақылауға және сонымен бірге олардың кірістерінің толық көрсетілуін тексеруге мүмкіндік береді.


Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2021 жылдың маусым айынан бастап "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп контрагентті таңдау кезінде кәсіпкерлердің қырағылығын арттыруға бағытталған "Салық төлеушілердің адалдық индексі" сервисін енгізу болып табылады.

 

Сонымен қатар, министр Billentis халықаралық бағалауына сәйкес, Қазақстан Электрондық құжат айналымы саласын талдауға маманданған E-Invoicing электрондық шот-фактуралар жүйесін дамыту бойынша көшбасшы елдердің құрамына кіргенін атап өтті. 


Өз сөзінде баяндамашы машиналық оқыту мүмкіндігі бар үлкен деректерді талдау және зияткерлік талдау құралдары берілген тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану мәселелеріне де тоқталды.

 

Министрдің мәліметінше, бақылау-кассалық чектер ең көп өңделеді. 2020 жылдан бастап онлайн-бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдануға жаппай көшу жүргізілді, оларды енгізу кәсіпкерлерге өз қызметіндегі барлық ақшалай есеп айырысуларды қашықтықтан қарауға мүмкіндік береді, яғни қолма-қол ақша кітабын жүргізудің қажеті жоқ. Онлайн-БКМ қою/алу қызметі автоматтандырылған. Сатып алушылар үшін чектің түпнұсқалығын тексеру мүмкіндігі жасалды.

 

"Кассалық аппараттардың мәліметтері мен салық есептілігінен түскен түсім есебінен 2 жыл ішінде (2020 және 2021 жылдар) бюджетке 60 млрд теңгеден астам қосымша салық түсті", — деп атап өтті министр.

 

Ол сондай-ақ чектерді жүйесіз жоятын кәсіпкерлерді анықтауға мүмкіндік беретін онлайн-БКМ қолдану мәліметтерін визуализациялау функционалын іске асыру туралы хабарлады.

 

Өз баяндамасында министр биылдан бастап "Салық төлеушінің кабинеті", "Электрондық үкімет порталы" және "Е-Salyq-Azamat"мобильдік қосымшасы арқылы іске асырылатын жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің енгізілгенін атап өтті.

 

"Осы рәсімді ауыртпалықсыз енгізу мақсатында бірінші кезең басталғанға дейін біз өз жүйелерімізді уәкілетті органдардың деректер базасымен біріктірдік, декларациялау рәсімін және декларация нысанының өзін барынша жеңілдеттік", — деп нақтылады бейінді ведомство басшысы.


Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов Қаржымині салықтық бақылау рәсімдерін толық "цифрландыруды" және салық міндеттемелерін орындаудың қашықтан мониторингін 2025 жылға қарай қамтамасыз етуге тиіс екенін еске салды. 


Үкімет сағаты барысында Мәжіліс депутаттарының, атап айтқанда, жаңа ақпараттық жүйелерді, мысалы, ұлттық төлем жүйесін әзірлеу және пайдалануға енгізу мерзімдері, "Е-salyq business" пилоттық жобасын іске асыру мәселелеріне қатысты ұсыныстары айтылды. Парламентшілерден ескірген Wipon жүйесін пайдалану бойынша міндетті талаптарды жою туралы шешім қашан қабылданатыны туралы сұралды. Депутаттар сондай-ақ банк шоттарын заңсыз бұғаттау, ауыл шаруашылығы субсидияларын беру үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бақылау-касса машиналарының функционалын POS-терминалдармен және мобильдік төлемдерге арналған қосымшалармен біріктіру мәселелерін көтерді. Мәжілісмендер ұлттық валюта — цифрлық теңгенің үшінші нысанын енгізуге және оны енгізген жағдайда ақпараттық жүйелерді цифрлық ақшаға бейімдеуге қатысты мәселелерге де назар аударды.

 

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, тиісті Ұсынымдар қабылдады.



Қарау саны: 2229
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!