Жұмыспен қамту бойынша болжам жасалды
19.08.2020
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов жұмыссыздық бойынша болжам жасады. «Еңбек министрлігінде жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейі шамамен 6,1% болады деген болжам бар. Біз болжам жасаған кезде оң және теріс бірнеше факторлар бар. Мен теріс факторлар ретінде пандемияны мысал ретінде келтіре аламын»,-деді Серік Шапкенов ОКҚ-да өткен онлайн-брифинг барысында. Оның айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасы (ЖҚЖК) бағдарламасы оң нәтиже беруде. «Егер бірінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,8% болса, екінші тоқсанда — 5%-ды құрады. «Еңбек» және ЖҚЖК бағдарламасы жұмыссыздық деңгейін 5% шегінде тоқтатуға мүмкіндік берді». Бұған дейін премьер-министр Асқар Мамин жұмыспен қамтуға мемлекеттік көмек көрсету қажеттігін айтқан болатын. «Жалпы, жыл соңына дейін небәрі 4 ай қалғанын атап өткім келеді. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет — азаматтарды жұмыспен қамту. Еңбек нарығында теңгерімсіздіктің туындауына жол беруге болмайды», - деп атап өтті Мамин 18 тамыздағы Үкімет отырысында. Премьер сондай-ақ жұмыссыздардың профайлдарын қалыптастыруды тапсырды. «Сондай-ақ, электрондық еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру үшін шаралар қабылдау қажет. Әкімдіктер жұмыссыз адамның профайлын қалыптастырып, онымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша атаулы жұмыс жүргізсін. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құруға назар аудару қажет», — деді ол. Елімізде тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аудара отырып, инфрақұрылымдық жобалар тізімі оңтайландырылды. Осы жобалар аяқталғаннан кейін аралас салаларда қосымша 100 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
Қарау саны: 3004 |
|
|