Инвестициялық штабтың отырысы
03.02.2022
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестициялар тарту бойынша 2021 жылғы нысаналы индикаторлардың орындалу қорытындылары және 2022 жылға арналған жоспарлар қаралды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар республика бойынша 94% - ға орындалды. Нысаналы көрсеткіштер Шымкент (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды. Аздап қол жеткізбеу Қарағанды облысында (99,9%), Алматыда (99,8%), Атырау облысында (99,1%), Жамбыл облысында (97,4%), Павлодар облысында (96,2%), Нұр-Сұлтанда (96,1%) байқалады. Жоспардың орындалмауы Шығыс Қазақстан (92,1%), Маңғыстау (90,8%), Алматы (89,7%), Ақмола (89,4%), Түркістан (82,5%) және Солтүстік Қазақстан (80,4%) облыстарында тіркелді. Ең нашар көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) және Қызылорда (66,4%) облыстарында байқалады. Осы екі өңір әкімдерінің орынбасарлары Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
"Артта қалған өңірлер белгіленген KPI-ді қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуы керек. Әкімдер нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін дербес жауапты болады. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі негізде жалғастырсын", — деді Әлихан Смайылов.
Қарау саны: 1928 |
|
|