Қазақстанның тауар айналымы 2021 жылы 101,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанның тауар айналымы 2020 жылғы көрсеткіштерден 17,4 пайызға асып, 101,5 млрд долларды құрады.
Тауар айналымының негізгі үлесін өңделген тауарлар бойынша сауда иеленді: 2021 жылы бұл көрсеткіш 58,1 млрд АҚШ доллары болды. Бұл 2020 жылға қарағанда 12 пайызға (51,8 млрд АҚШ доллары) жоғары.
Қазақстаннан экспорт көлемі өткен жылы 26,9 пайызға ұлғайып, 60,3 млрд долларға жетті. Импорт 5,8 пайызға өсіп, 41,2 млрд доллар болды. 2021 жылы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарында Ресей (екіжақты сауданың жалпы көлемі 24,2 млрд доллар), Қытай (шамамен 18,2 млрд доллар) және Италия (9,6 млрд доллар) болды. Жалпы еліміздің негізгі серіктес елдердің ондығына Нидерланды, Түркия, Өзбекстан, Франция, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Үндістан, Испания, Румыния, Греция, Швейцария кіреді.