Нұр-Сұлтанда Еуразиялық үкіметаралық
28.02.2022
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Шағын құрамда қатысушылар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, электрондық сауда салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетілген контейнерлік теміржол тасымалдарын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту перспективалары талқыланды. Талқылау барысында өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді. Кеңейтілген құрамдағы отырыста ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдайды және тауарларды бақылап отыру тетігі туралы Келісімнің іске асырылу барысын қоса алғанда, бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Аталған мәселелерді қарау қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. ҚР Премьер-Министрі ЕҮАК отырысында кеңейтілген құрамда сөз сөйлей отырып, өткен жылдың қорытындылары үшінші елдермен сауда-саттықпен салыстырғанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасы өсуінің озыңқы серпінін куәландыратынын хабарлады. Мәселен, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасы 18% - ға, ал сыртқы сауда көлемі 15% - ға өсті. Алайда, өзара сауданың үлесі тауарлардың жалпы саудасының 15% - нан кемін құрайды. Әлихан Смайылов атап өткендей, бұл көрсеткіш ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып табылады. Мысалы, басқа ұқсас интеграциялық бірлестіктердегі өзара сауда көлемі 40% - дан астамды құрайды. Өзара сауданы ұлғайту үшін ішкі нарықта кедергісіз орта құру міндетті шарт болып табылады. ҚР Премьер-Министрі әріптестердің нарыққа қол жеткізуін шектеуге байланысты мәселелердің едәуір бөлігі жылдан жылға өз шешімін таппайтынын атап өтті. Бұл мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік, өңірлік сертификаттау, санитарлық, ветеринарлық және шектеулердің басқа да түрлерін негізсіз қолдану, мемлекеттер ішінде қолданылатын кедендік бақылау мәселелері.
"Елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу маңызды. Транзиттің ұсынылып отырған шарттары көбінесе экспорт үшін еңсерілмейтін кедергіге айналады, бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасының салаларына теріс әсер етеді. Комиссияның деректері мен басқа да мәселелерінде проактивті позицияны ұстану қажет. Сырттан бақылаушы болуға болмайды", - деді Әлихан Смайылов. Сыртқы және өзара сауда статистикасын теңестіру және сыртқы сауда ағындарын орналастыру қажеттілігіне қатысты ҚР Премьер-Министрі сұр импорт ішкі өндірушілерге, заңды импорттаушыларға айтарлықтай зиян келтіретінін, ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің бюджетіне теріс әсер ететінін атап өтті. "Қазіргі уақытта Қазақстан сөзден іске ауыса отырып, ҚХР-мен шекарадағы кедендік бақылау шараларын айтарлықтай күшейтті. Қабылданған шаралар тек екі толық емес ай ішінде кедендік төлемдер мен тауардың ресімделуінің өсуіне алып келді. Сонымен қатар, біз ҚХР — дан көршілес елдерге импорттың айтарлықтай өсуін байқай бастадық, ол кейіннен тиісті кедендік тазартусыз және салық төлемдерін төлеусіз ортақ нарыққа түседі", - деді Үкімет басшысы. Қазақстан тарапы сыртқы сауданы, бірінші кезекте, ҚХР-мен саудада толыққанды және сапалы кедендік ресімдеуге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет деп санайды, барлық процестерді шұғыл цифрландыру және деректер алмасу талап етіледі. "Бұл қайта өңдеу секторын дамытуға, адал бәсекелестікке, салықтар мен кедендік баждар есебінен бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюына серпін береді", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкіметаралық кеңес отырысын аяқтай отырып, тараптар келесі кездесуді 2022 жылғы 21-22 маусымда Брест қаласында (Беларусь) өткізуге уағдаласты. Естеріңізге сала кетейік, биыл бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының алғашқы кездесуі. Бұған дейін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы 19-20 тамызда Шолпан-Ата қаласында және 2021 жылғы 18-19 қарашада Ереван қаласында өткен болатын.
Қарау саны: 2065 |
|
|