Серік Шапкенов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру туралы баяндады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Үкімет отырысында әлеуметтік-еңбек саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша ведомствоның жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтты, деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
Өз сөзінде министр әлеуметтік-еңбек саласында 45 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін атап өтті. Министрлік оларды халыққа ыңғайлы және заманауи түрде ұсыну үшін оларды цифрландыру бойынша кешенді шаралар қабылдауда.
"Өткен жылы ағымдағы бизнес-процестерге жүргізілген талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің дамуын тежейтін бірқатар факторлар анықталды, атап айтқанда, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін қажетті "тарихи" деректердің болмауы, мобильді азаматтар базасында тіркеудің болмауы. Осыған байланысты біз реинжиниринг және мемлекеттік қызмет көрсету процестерін трансформациялау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз", — деді Серік Шапкенов.
Бүгінгі күні электрондық форматта 45 мемлекеттік қызметтің 42 түрі немесе 93% ұсынылады, оның ішінде 21 қызмет немесе 43% проактивті түрде алынуы мүмкін.
"2021 жылы әлеуметтік-еңбек саласында 12,6 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 9,1 млн немесе 72% электронды түрде көрсетілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12% - ға артық. 2025 жылға қарай біз барлық мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа 100% ауыстыруды жоспарладық", – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр сондай-ақ, халықтың қызметтерді алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында өткен жылдың қазан айында ЕХӘҚМ екі банкпен бірлесіп, олардың тұғырнамаларында бала туумен байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша сервистерді іске асырғанын атап өтті. Тек 2021 жылдың төртінші тоқсанында балалары бар 16,5 мыңнан астам отбасы үйде отырып, ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы қызмет алды. Бұл практиканы басқа банктердің мобильді қосымшалары арқылы енгізу жұмыстары жалғасатын болады.
"Рәсімдерді оңтайландыру мақсатында мемлекеттік қызметтердің 17 түрін көрсету кезінде эксаумақтылық қағидаты енгізілді. Яғни, азаматтар орналасқан жеріне қарамастан мемлекеттік қызметті алу үшін кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны уақытша Алматыда бола тұра, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өзіне тиесілі әлеуметтік төлемді алуға өтініш бере алады. 2021 жылдың төртінші тоқсанында 22,6 мыңнан астам азамат экстерриториялық қағидат бойынша қызмет алды.
— Сондай-ақ операциялық шығыстарды үнемдеу мақсатында біз бір азаматқа тағайындалған бірнеше әлеуметтік төлемдерді бір төлемге біріктіріп аударуды жүзеге асырдық. Осының арқасында 2021 жылдың 7 айында біз 3 млрд теңгені үнемдедік, ал жыл сайын 6 млрд теңге үнемделеді", – деді Серік Шапкенов.
ЕХӘҚМ басшысы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі — проактивті қызметтерді дамыту екенін, оларды алу үшін азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталықтарына, әкімдіктерге немесе басқа да инстанцияларға барудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
"Бұл бағытта біз Цифрлық даму министрлігінің Цифрлық трансформация орталығымен кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. 2021 жылдың екінші жартыжылдығында бала туумен байланысты проактивті форматтағы қызметтердің үлесі 12-ден 53% - ға өсті. Мысалы, өткен жылы 440 мыңға жуық бала дүниеге келді, оның ішінде 233 мың баланың анасы телефонға келетін хабарламаға жауап бере отырып, әлеуметтік төлемдерді белсенді түрде алды", — деп толықтырды министр.
Сонымен қатар, 4 және одан да көп баласы бар аналарға автоматты түрде көп балалы отбасыларға жәрдемақы тағайындалады. Бұл қызмет бойынша белсенділік 1% - дан 41% - ға дейін өсті.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар бойынша проактив 9% — дан 24% - ға дейін, ал еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер бойынша 6% - дан 21% - ға дейін ұлғайды.
"Биыл біз проактивті қызмет түрлерін 25 түрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз (+4 қызмет)", – деді Серік Шапкенов.
Министр мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ЕХӘҚМ жеке қызметке емес, азаматтың өмірлік жағдайына сүйенетінін атап өтті.
Мүгедектікті белгілеу және жәрдемақы мен оңалтудың техникалық құралдарын алу кезінде денсаулығынан айырылған азаматтарға төрт инстанцияға жүгінуге тура келеді: емхана, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, әкімдік.
Мемлекет басшысы 2021 жылдың ақпан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды, қағазбастылықты алып тастауды тапсырды. Осыған байланысты біздің министрлік Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, мүгедектікті сырттай анықтау бойынша шаралар қабылдады.
Бүгінгі таңда еліміздің барлық 17 өңірінде мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл ретте азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға ғана жүгінеді, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы адамның қатысуынсыз өтеді. 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша сырттай форматта 6 753 өтінім қаралды. Жалпы биыл біз мүгедектігі бар азаматтардың 20% - ын осы тәсілмен қамтуды жоспарлап отырмыз, деді ЕХӘҚМ басшысы.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар үшін 2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді.
"Бұған дейін бұл азаматтар қажетті қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын алу үшін әкімдіктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына жіберілген болатын. Бұл өте ыңғайсыз болды, олар көп уақыт жұмсады, қызметтер кешіктіріліп көрсетілді.
- Портал қызмет жеткізушілерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, ал мемлекет тауардың немесе қызметтің құнын өтейді. Осының арқасында кейбір жағдайларда қызметтерді алу мерзімі алты айдан екі аптаға дейін қысқарды. Нәтижесінде, 2021 жылы Портал арқылы 371 мыңнан астам қызмет көрсетілді және оңалту бағдарламаларының орындалуы 2019 жылғы 62% – дан 2021 жылы 88% - ға дейін ұлғайды, ал биыл оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейі 90% - дан асады деп жоспарлап отырмыз", - деп хабарлады ведомство басшысы.
Министр сондай-ақ, 2020 жылдың қараша айынан бастап халықты жұмыспен қамту орталықтарының онлайн-режимде қызмет көрсету бойынша пилоттық жоба кезең-кезеңімен іске қосылғанын атап өтті.
Бұған дейін азаматтар жұмыс іздеу және жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығына, ал жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі тиіс болатын. Қазір бұл қызметтерді Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн алуға болады. Сонымен қатар, жұмыссыз ретінде тіркелу мерзімі 10 күннен 3 күнге дейін қысқартылды.
"2021 жылы ізденушілер ретінде 149 мың адам тіркелген, оның 33%-ы онлайн – форматта тіркелген, азаматтардың 60%-ы онлайн жұмыспен қамтылған", - деп хабарлады Серік Шапкенов, ЕХӘҚМ әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыратынын айта отырып.