ҚР Ұлттық экономика министрлігінің алқа отырысы
09.03.2022
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің алқа отырысы барысында ведомство басшысы Әлібек Қуантыров 2021 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2022 жылға арналған міндеттерді анықтады, деп хабарлады primeminister.kz сайты. Іс-шараға Премьер-Министрдің Орынбасары-ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Парламент депутаттары қатысты. Министрлік әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған 8 негізгі қызмет саласы аясында жұмыс жүргізуде. "Өткен жылғы макроэкономикалық саясат нәтижелері бойынша Қазақстан экономикасының орнықты өсудің серпінді траекториясына шығуы қамтамасыз етілді. Жыл қорытындысы бойынша өсім 4% — ды құрады", - деді Әлібек Қуантыров.
Бұл ретте 2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,5% - ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 11,4% - ға артып, $ 101,5 млрд құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,4% құрады. Бағалар азық – түлік тауарларына – 9,9%, азық-түлік емес тауарларына-8,5%, ақылы қызметтерге-6,5% - ға өсті. Өткен жылы бюджет саясатын іске асыру шеңберінде Министрлік 2022 жылы жаңа үнемді және жауапты бюджет саясатына көшу үшін қажетті нормативтік базаны қамтамасыз етті. Мәселен, ҚР Бюджет кодексінде республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін шектеу жөніндегі контрциклді бюджеттік қағидалар регламенттелген. Сондай-ақ министрлік бюджет процесіне екі бюджеттен тыс қор қаражатын интеграциялау жөнінде шаралар қабылдады. Бұдан басқа, ҚР ҰЭМ 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін әзірледі. Ағымдағы жылы бюджетаралық қатынастарда әзірленген жаңа тәсілдерді ескере отырып, келесі үш жылға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларын әзірлеу міндеті алда тұр. Сонымен қатар, министрлік ЭЫДҰ – ның озық практикасына сәйкес жаңа құжатты-Бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есепті дайындауға кірісті. Құжат Парламентке үш жылдық бюджет жобасымен бірге енгізілетін болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін блок бюджетінің элементтерін енгізу бойынша бюджет заңнамасына түзетулер топтамасы дайындалуда. Салық саясаты саласында 2 заң және 4 Үкімет қаулысы қабылданды. Қабылданған заңдарда өндіріс үшін ынталандырулар, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қолдау шаралары, әкімшілендіруді оңайлату және салық төлеу жөніндегі шаралар көзделген. Жалпы қабылданған шаралар шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Ағымдағы жылы салық саясаты шеңберінде жұмыс Мемлекет басшысының өткен жылы және осы жылдың басында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталатын болады. Министрлік мыналарды жоспарлап отыр: микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені 34%-дан 20%-ға дейін төмендете отырып, еңбек ақы қорынан ортақ төлемді енгізу; дивидендтерді босату бойынша салық жеңілдіктерін қайта қарау; цифрлық майнинг үшін төлем ставкасын арттыру; бақыланатын шетелдік компаниялардың салық салынуын жетілдіру; материалдық емес қызметтер, көрсетілген үлестес тұлғалар бойынша шегерімдердің қолданылуын шектеу; темекі бұйымдарына акциз ставкаларын үйлестіру, коньяк (брендиге) акциздер ставкаларын арттыру. Кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде өткен жылы жаңа реттеуші саясатты — "таза парақтан" реттеуді енгізуге бағытталған заң қабылданды. Бақылау және қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні, сондай — ақ екі талаптың орнына бір талап ету қағидаты - "1 in 2 out" қағидаты енгізілді. Автоматтандыру қамтамасыз етілмейтін есептілікті талап етуге тыйым салынды. 2022 жылы министрліктің алдында: міндетті талаптар тізілімін құру; мемлекеттік бақылауды автоматтандыру; тексерулерден кәсіптік бақылауға көшу, бизнес үшін талаптарды көздейтін реттеушілік актілерді талдау бойынша міндеттер тұр.
Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының тұжырымдамасы және Өңірлердің инвестициялық тартымдылығын бағалау әдістемесі және біріздендірілген инвестициялық стандарт әзірленді. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасының мерзімдерін қысқарту, бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын бағалауды жетілдіру бойынша өзгерістер енгізілді. 2022 жылға арналған мақсат-ЖІӨ-ге қатысты 18,5% деңгейіне қол жеткізе отырып, негізгі капиталға 19,5 трлн теңге инвестиция тарту. Заңнаманы жетілдіру және МЖӘ жобаларының сапасын арттыру шеңберінде тікелей келіссөздер тәсілімен жекеше әріптесті айқындау тәсілін қайта қарау жоспарлануда. Осы жобалар бойынша шығындарды бюджеттен өтеу мүмкіндігі алынып тасталады. МЖӘ жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту мақсатында жобаларды жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу жоспарлануда. Мемлекеттің экономикаға шамадан тыс қатысуын азайту бағыты жалғасуда. Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары 721 мемлекеттік кәсіпорынды қамтиды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Кешенді жоспардың орындалуы 35% құрайды. Осылайша, бүгінде мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,6% - ға дейін қысқарды. Ағымдағы жылы ҚР ҰЭМ квазимемлекеттік секторды реформалау және жекешелендірудің бесжылдық — 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру тұжырымдамасын әзірлеу бойынша шаралар қабылдауда. Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді. Осылайша, Ұлттық экономика министрлігі жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясында 2 құжат әзірлеп, бекітті. Бұл – Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары және "Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы. Құжаттар тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсартуға, тұрғын үй-коммуналдық құрылысты дамытуға, елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға, тірек ауылдық елді мекендерді жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде "Агломерацияларды дамыту туралы" заң жобасы әзірленді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізу жоспарлануда. Қалалар мен ауылдарда халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында орталық мемлекеттік органдардың "Қазақстан Республикасының елді мекендері үшін өңірлік стандарттар жүйесін бекіту туралы" бірлескен бұйрығын өзектендіру бойынша жұмыс басталды. "Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Бұл: ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, IV деңгейдегі бюджеттердің дербестігін кеңейту, мәслихаттардың өкілеттіктерін күшейту. Әкімшілік-аумақтық бірліктер санаттарын өзгерту тәртібіне қойылатын талаптар жетілдірілді", - деді ҰЭМ басшысы алқа отырысында. Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстары және Павлодар облысы Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 6 кешенді жоспары бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша батыс өңірлердің, атап айтқанда Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының кешенді жоспарлары өзектендірілді.
"Дипломмен ауылға" жобасы аясында 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 18,2 млрд теңге берілді. Ағымдағы жылы моно және шағын қалаларды дамытуға бір жылға қойылған міндеттер аясында 26 жобаны іске асыру үшін 10,2 млрд теңге бөлінді. 500-ге жуық жұмыс орнын құру және 200 км қалаішілік автожолдар мен инженерлік желілерді жаңғырту жоспарлануда. Ірі қалалардың шет аймақтарын дамыту мақсатында 32 жобаны жүзеге асыру үшін 26 млрд теңге бөлінді. Бұл шамамен 600 км автожол мен инженерлік желілер, сондай-ақ 3 әлеуметтік объект (мектеп, балабақша, емхана) салуға мүмкіндік береді. Жоғарыда баяндалғандардан басқа, ағымдағы жылы: ауылда "Кеңес" өкілді органын құруға; пилоттық режимде атқарушы органның жаңа құрылымын – "ауылдық округ әкімшілігін" құруға; қалаларда ЖӨБ органдарын құруға; мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлерінің аражігін ажыратуға бағытталған жаңа заңдар әзірленетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау үшін заңнамалық негіз дайындалады. 2022 жылы халықтың әкімдермен коммуникациясын жақсартуға, азаматтардың жергілікті билік органдарына сенімін, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған жарлық бекітілетін болады. Тарифтік саясат мәселелері бойынша 2021 жылы реттелетін коммуналдық қызметтер бойынша өсім 2,88% - ды құрады. Тарифтердің өсуін тежеу және төмендету бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерінен инфляцияға нақты үлес 2021 жылы 0,22% - ды құрады. Табиғи монополиялар салаларындағы тарифтік саясатты жетілдіру шеңберінде ағымдағы жылы мынадай жұмыс жүргізілді: халық үшін коммуналдық тарифтерді 180 күн мерзімге арттыруға мораторий енгізілді; бұрын бекітілген тарифтер 2021 жылғы желтоқсан деңгейіне дейін жойылды немесе түзетілді (көрсетілген шаралар мораторийдің қолданылу кезеңінде халық үшін 3,2 млрд теңге мөлшерінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді); тарифтерді төмендету бөлігінде кірме жолдар саласында қызметтерді жүзеге асыратын бірқатар компанияларға қатысты шаралар қабылданды. Бұл шаралар энергетикалық көмірдің құнына және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына әсерін төмендетуге мүмкіндік берді. Газбен жабдықтау қызметтеріне "әлеуметтік осал тұтынушылар" жеке тобын бөлу бойынша жұмыс жүргізілді.
2022 жылы тарифтік саясат шеңберінде: коммуналдық қызметтер бағасына неғұрлым сезімтал тұтынушыларды қорғауды қамтамасыз ету үшін коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде тұрғын үй көмегі тетігін жетілдіру; коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде халықтың мұқтаж санатын жеке топқа бөлу практикасын енгізу; "Табиғи монополиялар туралы" Заңға өзгерістер енгізу жолымен электр желілері теңгеріміне қабылданған жағдайда тарифті өзгерту тетігін енгізу; су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыру мақсатында сумен жабдықтауды тұтыну көлемдері бойынша сараланған тарифті енгізу; табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама елдің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық бағытын қалыптастырудың бірінші кезеңі болып табылады және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту, сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Өнім өндіру көлемін ұлғайтуды, тауарларды сақтау мен логистиканы, тауарлардың бөлшек саудасын, баға белгілеуді бақылауды, монополияға қарсы және сыртқы сауда реттеуін көздейтін 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені әзірленді. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жобасы әзірленді, оның іс-шаралары халықтың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға бағытталған.
Қарау саны: 2034 |
|
|