Қазақстандағы медиктердің, педагогтардың және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы
14.01.2022
Қазақстанда әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жалғасуда, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі."2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласының педагогтары мен қызметкерлерінің жалақысы 25% — ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% – ға өсті", - деп атап өтті ведомствода. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтің жалақысын кезең – кезеңмен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңмен арттыру басталды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өседі. Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың жұмыскердің лауазымдық айлықақылары 25% - ға артты. Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ), үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50% - ға өсті. Сондай-ақ, 2021 жылы әкімшілік және қосалқы персоналдың, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін лауазымдық жалақыдан 30% - дан 40% - ға өзгерту арқылы арттырылды.
Сондай-ақ оқыңыз: 2022 жылы 6,7 млн қазақстандықтың табысы өседі
Қарау саны: 2163 |
|
|