Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес
14.03.2022
ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңестің (ИКЖК) отырысында климаттық пакт бойынша міндеттемелерді қаржыландыру және "жасыл күн тәртібін" ілгерілетудегі Қазақстанның халықаралық позицияларын одан әрі нығайту мәселелері қаралды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі. Қазақстан бірінші елдердің қатарында Париж келісімін ратификациялады және өз экономикасын декарбонизациялау бойынша өршіл мақсаттар туралы жариялады.
Әлихан Смайылов 2021 жылы мемлекеттік экологиялық реттеу стандарттарын айқындайтын, жасыл инвестициялар тартуды ынталандыратын және халықаралық экологиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жаңа Экологиялық кодекс қабылданғанын атап өтті. "Экологиялық таза энергия көздерін дамытуды ынталандыру үшін Баламалы энергетиканы дамыту бойынша жаңа заң әзірленуде. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы ESG және жасыл экономика қағидаттарын сақтауға негізделетін болады",-деді Премьер-Министр. Осы мақсаттар үшін қазір 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығы доктринасы әзірленуде, ол Қазақстан экономикасын дәйекті түрде трансформациялау жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайтын болады. "Қазақстан әлемдік қоғамдастық тап болып отырған сын-қатерлерге қарамастан, өзінің жаһандық тұрақты дамуға бейілділігін сақтап қалды және осы бағыттағы одан әрі жүйелі және дәйекті жұмысқа дайын", — деп қорытындылады Министрлер Кабинетінің басшысы.
Қарау саны: 1910 |
|
|