ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі
06.04.2022
Нұр-Сұлтанда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz сайты.ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады.
Ведомство басшысы телекоммуникация саласын монополиясыздандыру үшін бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды атап өтті. Елдегі тіркелген және ұялы байланыстың атқаратын үлесі бойынша мәселе қаралды.
Атап айтқанда, "Қазақтелеком" АҚ телекоммуникациялық қызметтер нарығында тіркелген байланыс нарығында 80% - дан астам және ұялы байланыс нарығында 60% - дан астам үлесі бар монополист болып табылатыны атап өтілді. Телекоммуникация нарығындағы басым жағдай "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобына басқа сабақтас нарықтардағы елеулі үлесті алуға мүмкіндік берді. "Қазақтелеком" АҚ – на тауарларды цифрлық таңбалау нарығының 100% үлесі, фискалдық деректер операторлары нарығындағы 78% үлесі, деректерді өңдеу орталықтары нарығындағы 55% үлесі, ақылы теледидар қызметтері нарығындағы 33% үлесі, барлық радиожиіліктердің 75% – ы тиесілі.
Бүгінгі таңда шағын операторларда кабельдік кәрізге қол жеткізу және байланыс желілерін төсеу кезінде қиындықтар туындайды, өйткені кабельдік кәріздің негізгі бөлігі "Қазақтелеком" АҚ балансында және пайдалануында. Осылайша, "Қазақтелеком" АҚ "соңғы миля" ретінде халыққа Интернетке қол жеткізу қызметтерін ұсынуға дайын орта және шағын провайдерлердің дамуын шектей алады.
Сондай-ақ, жекелеген ірі байланыс операторлары орта және шағын интернет-провайдерлердің дамуын ынталандырмайды, оларға ынтымақтастықтың қолайсыз жағдайларын ұсынады. Дилерлік шарттың тиімсіз талаптарының салдарынан "Қазақтелеком" АҚ интернеттің орта және шағын провайдерлерін дамытуды ынталандыруға кедергі келтіретін фактілер бар, бұл телекоммуникациялық нарықтың дамуына және халықты телекоммуникациялық қызметтерге қолжетімділікпен қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. Бұл, өз кезегінде, Президенттің телекоммуникациялық нарықты дамыту және халықты Интернетке қол жеткізумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының ойдағыдай іске асырылуына кедергі келтіреді. Шағын байланыс операторлары үшін ауылдарда "Қазақтелеком" АҚ және "Транстелеком" АҚ желілеріне қол жеткізу бағаларын заңнамалық реттеу және электр бағаналары бойынша желілерді төсеу үшін шағын операторларға жағдай жасау осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді.
Ұлттық ресурста заңнамалық түрде айқындалған және толық болып табылатын радиожиілік спектрін ұсынуға қатысты аукциондық тетік өткізу ұсынылды, бұл жиіліктерді бөлудің ашықтығын, сондай-ақ тиімсіз пайдаланылатын радиожиіліктерді алып қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мысалы, Нұр-сұлтан қаласында бүгінгі күні бос жиіліктер жоқ, ал берілген радиожиіліктердің басым бөлігі "Қазақтелеком" АҚ тобында орналасқан, бұл өз кезегінде нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуына мүмкіндік бермейді.
Байланыс сапасын бақылау тетігін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар шеңберінде мониторинг күшейтіліп, сапасыз қызметтер көрсеткені үшін айыппұлдар сомасы 100-ден 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
Бұдан басқа, комиссия отырысында Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігіне "Кселл" АҚ-ның 24% - ын сату жөніндегі мәміле нәтижесінде мемлекетке келтірілген ықтимал залал мәселесін зерделеу ұсынылды. Сондай-ақ клиенттердің фискалдық деректері туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және салық органына беру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Фискалдық деректер операторы болу үшін халықаралық және қалааралық байланыс операторының лицензиясы болуы керек. Мұндай лицензиялар, мысалы, Қазақтелеком мен Транстелекомда бар. Осылайша, шағын операторлар жоғарыда аталған компанияларға лицензия төлеуге мәжбүр, бұл нарықты бәсекелестік жағдайда дамытуға мүмкіндік бермейді.
Әлихан Смайылов ЦДИАӨМ-ге жоғарыда аталған бірлескен жоба аясында қазақстандық операторды ауыстыру бойынша Әзірбайжан тарапымен келіссөздер жүргізуді тапсырды. Бұдан басқа, комиссия отырысында "Транстелеком" АҚ үлестерін жеке тұлғаларға сатуға талдау жүргізу, сондай-ақ иеліктен шығару кезінде мемлекетке ықтимал залал келтіру ұсынылды.
Қарау саны: 2018 |
|
|