Республикалық бюджетке түсетін кірістер
08.04.2022
Мәжілісте "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" және осы жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарға үкіметтік түзетулердің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.Бюджеттік заң жобалары туралы депутаттарға Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин баяндады. Әзірлеушілердің түсіндірмесіне сәйкес, бюджетке нақтылаулар Мемлекет басшысының қаңтардағы оқиғалар мен оның жыл сайынғы Жолдауларының қорытындылары бойынша берген тапсырмаларын іске асыруға, сондай-ақ бұрын қабылданған бірқатар шұғыл міндеттемелерді орындауға бағытталған. Осыған байланысты бюджеттің негізгі параметрлері өзгертілді. Нәтижесінде, республикалық бюджет түсімдерінің нақтыланған көлемі 15,8 трлн теңгені немесе 2,7 трлн теңгеге ұлғаюмен ЖІӨ-ге қатысты 17,3% - ды құрайды. Тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 3,3% деңгейінде сақталды. 2022 жылы шығыстар 2,7 трлн теңгеге өсіммен 18,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 20,5% - ды құрайды.
Макроэкономикалық болжам және экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары негізінде 2022 жылға арналған бюджет параметрлері нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2022 жылы 10 162 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген көрсеткішке қарағанда 955 млрд теңгеге артық. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2 400 млрд теңгеден 4030 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Нысаналы трансферт өзгермейді және 550 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 3,3% деңгейінде болжанып отыр. Мемлекеттік органдар, "Атамекен" ҰКП өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде бюджеттік түзетулердің таныстырылымы өтті.
Қарау саны: 1973 |
|
|