Үкімет үйінде 3 мамырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жанар-жағармай материалдарын өндіру және тарату мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады primeminister.kz сайты.
Тиісті ұсыныстарды Энергетика министрлігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖЖМ нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірледі. Баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарыққа мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін өткізу схемаларын қайта қарауды көздейтін заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды.
Түзетулер мұнайды тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өздері, жер қойнауын пайдаланушылардың еншілес маркетингтік құрылымдары өңдеуге жеткізуді, сондай-ақ МӨЗ мұнайын сатып алуды көздейді. Мұнай өнімдерін сату саласында өнімсіз делдалдарды жою ұсынылады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету туралы бөлек әңгіме болды. Осылайша, мұндай отын көлемінің атаулы бөлінуін бақылау мақсатында аумақтық бөліністе АШТӨ-нің деректер базасын құру және отын бөлудің электрондық-ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Энергетика министрі елден ЖЖМ ағынын шектеу бойынша ұсынылған шараларды атап өтті. Атап айтқанда, автокөлікпен ЖЖМ шығаруға тыйым салуды ұзарту және санкцияланбаған әкету үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі қарастырылуда.
Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, Энергетика министрлігіне оларды барлық мүдделі тараптармен пысықтауды тапсырды.