Қазақстанда геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы
05.05.2022
ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология саласын дамыту перспективалары қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. Аталған мәселе бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов баяндама жасады. Экология министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қорлары бойынша әлемнің жетекші он елінің қатарына кіреді. Бұл ретте пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатер қорлардың төмен толықтырылуы болып табылады. Осыған байланысты жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі, бұл кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтау жөніндегі негізгі әдістердің бірі болып табылады.
Сөз сөйлеушілерді тыңдап болған соң, Премьер-Министр Қазақстан көптеген пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде көшбасшы орынға ие екенін, ал экономиканың өндіруші секторы ЖІӨ-нің шамамен 30% - ын қамтамасыз ететінін атап өтті. "Еліміздің минералдық-шикізат базасын іздестіру және оның орнын толтыру жөніндегі жұмысты ұдайы жүргізіп отыру қажет. Сондықтан геология бұл мәселеде өте маңызды рөл атқарады. Геологияны дамыту үшін қатты қазбаларды іздеу үшін жеңілдетілген лицензиялау енгізілді. Шағын геологиялық барлау компаниялары үшін жағдай жасалған", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Оның пікірінше, ел аумағын барынша зерттеу, әкімшілік кедергілерді жою өндіруші салалардың дамуына белсенді жәрдемдесуге және соның салдарынан Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, елімізде ғылыми және институционалдық база бар, геология саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалуда.
Үкімет басшысы инвесторлардың геологиялық ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдететін геология және жер қойнауын пайдалану саласында ақпараттық жүйе құру қажеттігін атап өтті.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Цифрлық даму, Энергетика, Индустрия министрліктерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін "KAZNEDRA" платформасын әзірлеу және енгізу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ, Әлихан Смайыловтың айтуынша, барлау және өндіру құқығын алуға мүмкіндік беретін Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын уақытылы өзектендіру талап етіледі. Индустрия министрлігіне Энергетика және Экология министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде бағдарламаға республиканың жер қойнауын пайдалану үшін қолжетімді бүкіл аумағын енгізу тапсырылды.
Үкімет басшысы экологтар, депутаттар және қоғамдық ұйымдар Ақтөбе облысындағы "Көкжиде" жер асты суларының ірі және бірегей кен орындарын ластау мәселесін үнемі көтеріп отыратынын атап өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне аталған су кен орнының шекарасы шегінде жер қойнауын пайдалануды шектеу мәселелерін пысықтау, ал Экология министрлігіне республикадағы барлық жерасты суларының болуы мен жай-күйіне мониторингті күшейту тапсырылды.
Қарау саны: 1953 |
|
|