Қазақстан бюджетіне түсетін түсімдер 2022 жылы

06.05.2022

Сенат "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға түзетулерді қабылдады

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның отырысы өтті, онда депутаттар "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 — 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы" және "2022 — 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңдарды қабылдады деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі .

"Бюджетке түсетін түсімдер 2,7 трлн теңгеге (17%) ұлғаюмен 15,8 трлн теңгені құрайды. Тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 3,3% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр", — деп хабарлады ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды ұсынып.

 

Министр қосымша 2,7 трлн теңге үш басым бағыт бойынша бөлінетінін атап өтті.

 

Ең алдымен, қаржы Президент тапсырмаларын іске асыруға жұмсалады. 1,8 трлн теңге бағыттау ұсынылады.

 

"Бұл күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыруға, өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, елдің азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы әртараптандыруға арналған шығыстар", - деп нақтылады Ерұлан Жамаубаев.

 

Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты қосымша шығыстарға 173 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген.

 

"Осы қаражат есебінен әлеуметтік төлемдер индекстелді және теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруіне байланысты шығыстар қаржыландырылды", – деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев. Сонымен қатар, 476 млрд теңге бағдарламалық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерді қаржылық қамтамасыз етуге бағытталады.

Құжаттарға сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2022 жылы 4 030 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл қаражат елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталады.

Ұсынылып отырған түзетулер Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындауға да бағытталған. Толықтырулардың ішінде – халықтың табысын арттыру бағдарламасын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағдарламаны іске асыруды қаржыландыру, қаңтар оқиғаларының салдарын жою, күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру, сондай-ақ өңірлерді дамыту.

Мәулен Әшімбаев осы маңызды Заңдардың қабылдануына түсініктеме бере отырып, ел ішінде және одан тыс жерлерде болған оқиғалар Қазақстан экономикасына әсер еткенін атап өтті. Шикізат бағасы өсті, импортталатын тауарларға инфляция жеделдеді, логистикаға байланысты проблемалар да шиеленісе түсті. Алайда, Палата Спикері атап өткендей, ел басшылығы біздің экономикамызды қорғау және барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін қажетті шаралар қабылдап, бюджеттің жартысын әлеуметтік шығыстарға жұмсайды.

"Бүгін қабылданған түзетулердің арқасында сәуір айынан бастап зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4% индекстелетін болады. Бұл шара 4 миллионнан астам адамға әсер етеді. Зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11% - ға артады. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша Кешенді жоспарға 197 млрд теңге бөлінеді. Нақтыланған республикалық бюджетте Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге бөлінеді. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де ұлғаюда. Бұл шаралардың барлығы еліміздің одан әрі экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл — ауқатын арттыруға серпін беретініне сенімдімін", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Нақтыланған республикалық бюджетте бизнесті қолдау және өңірлерді дамыту бағдарламаларын қаржыландыру айтарлықтай кеңеюде.

"Бөлінген қаражат пен жоспарланған іс-шаралар нақты нәтиже беруі маңызды. Республикалық бюджеттің әрбір теңгесі тиімді жұмсалуға тиіс. Ұлттық қор қаражатын ұқыпты пайдалану қажет, біз бұл туралы бүгін айттық. Бұдан басқа, сыртқы қарыз алу арқылы бюджет тапшылығын қаржыландыру мәселесіне де аса мұқият назар аудару қажет. Қарызды ұлғайту емес, қолда бар қаражатты тиімді пайдалану маңызды. Сондықтан бюджетті қарау кезінде бос және қажетсіз шараларды қаржыландыруға жол бермеу керек. Үкімет мүшелерінен, әкімдерден және басқа да лауазымды тұлғалардан осы мәселелерді одан әрі ескеруді сұраймыз", — деді Сенат Төрағасы.

Сенаторлар күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында бюджет қаражатының жұмсалуын сапалы бақылау мәселелерін де белсенді көтерді. Жалпы, сенаторлар аталған Заңдарды қолдай отырып, Үкімет мүшелері алдында өз шешімін талап ететін бірқатар маңызды мәселелерді белгіледі. Олардың қатарында экономиканың өсуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі, мүгедектігі бойынша зейнетақыларды индекстеудің маңыздылығы, елдегі макро - және микроэкономикалық жағдайды бағалау және болжау жөніндегі жұмысты жақсарту, сондай-ақ сыртқы қарыздар мен Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемінің өсу қарқынын төмендету бар.



Қарау саны: 1896
Сақталған: 30.10.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!