Осы күндері Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысушыларға бейнеөтініш жасады, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы өз жолдауында әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, COVID-19 жағдайы мен Украинадағы оқиғалар Еуразия континентіндегі жаңа геосаяси стресс-тестке тап болған әлемдік экономиканың бөлінуіне себеп болды.
Президент пандемия салдарымен күрес аясында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, шағын және орта бизнес пен инфрақұрылымдық жобаларды қолдау бойынша мемлекет қабылдаған шаралар туралы айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларды елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы республикалық референдумға дайындық туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Мемлекет басшысы Қазақстан қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік сала және корпоративтік басқару (ESG) саласындағы мақсаттарды іске асыруға бейілді екенін атап өтті. Ол біздің еліміз әлемдік нарықтарға тауар, шикізат және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің үздіксіз тізбегін қамтамасыз ету ісінде сенімді серіктес болып қала беретінін мәлімдеді.
"Жасыл" экономиканың жаңғыруы, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту 2060 жылға қарай шығарындылардың нөлдік деңгейіне оңтайлы жолды қамтамасыз ететін төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтарына айналады", – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы халықаралық міндеттемелер мен әмбебап қағидаттарға бейілділігін атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына ірі әлемдік инвестициялық компаниялар, коммерциялық емес сектор және халықаралық БАҚ өкілдері қатысты.