ҚР Президентінің қатысуымен

30.05.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Саммитке Қазақстан Президентімен қатар Қырғыз Республикасының Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттердің басшылары – Куба Республикасының Президенті Мигель Диас – Канель, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайында ЕАЭО елдерінің бірлескен күш-жігерімен әлеуметтік-экономикалық кедергілер табыспен еңсеріліп, макроэкономикалық тұрақтылық пен өсу серпіні қамтамасыз етілетінін атап өтті.

"Одақ қызметі жылдарында Қазақстанның өзара саудасы 33 пайызға, ал экспорт 55 пайызға артты. Қазақстанда 15 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді және олардың саны өсуде. Бұл қуанышты жағдай. Бұл көрсеткіштер біздің интеграциялық өзара іс-қимылымыздың табыстылығын айғақтайды. Ортақ күш-жігердің әрі қарай да біздің азаматтарымыздың игілігі үшін сауда-экономикалық ынтымақтастықты серпінді дамытуға бағытталуы маңызды деп санаймын. Бұл жаһандық сын – тегеуріндер алдында біздің "ұжымдық иммунитетіміздің" нығаюының кепілі",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Оның пікірінше, бүгінде байқалған санкциялық қарама-қайшылық мәні мен салдары бойынша бұрын-соңды болмаған.

"Осы жылдың ақпан айында Қазақстан астанасында өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында мен "Еуразиялық бестік" елдері экономикаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі экономикалық шараларды әзірлеу үшін жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құруды ұсындым. Жұмыс тобы құрылды. Жедел шаралар пакеті әзірленді, олар іске асырылуда және нақты нәтижелері бар. Алайда, қалыптасқан геосаяси жағдай ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынын түсіну керек. Бұған дайын болу керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңеске қатысушыларға интеграциялық бірлестіктің ағымдағы шындығы мен қажеттіліктеріне жауап беретін Қазақстанның екі бастамасын қарастыруды ұсынды.

"Нақты жобалар мен нақты нәтижелер қажет. Бұл үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің бірлескен жобаларын аяқтауды жеделдету, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларға бастамашылық жасау қажет. Бизнес желісі бойынша өзара іс-қимылды күшейту, біздің жүрдек трансқұрлықтық дәліздерімізді жетілдіру, сол арқылы олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету талап етіледі. Санкциялық мәнмәтінді ескере отырып, шетелдік компанияларды көшіру үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселесіне ерекше назар аударуды ұсынамын. Тіпті әлемдік алпауыттар да ЕАЭО геоэкономикалық орналасуының артықшылықтарын жақсы түсінеді, оның үстіне біздің 180 миллионыншы тұтыну нарығымыздың әлеуетін елемеу мүмкін емес. Бұл шараларды 12 ай ішінде жүзеге асыруды ұсынамын", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жұмысты бейіндік мүше – ЕЭК Алқасы министрінің басшылығымен жоғары деңгейдегі жұмыс тобы шеңберінде құруға болады деп санайды. Жұмыс тобының аралық баяндамасын осы жылдың желтоқсан айында қарау ұсынылды.

"Бұл күрделі кезеңде үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мәселесі ерекше өзектілікке ие болады. Бұл туралы мен өткен жылдың қазан айында Жоғары Кеңестің отырысында айтқан болатынмын. Бұл бағыт сондай-ақ Қазақстанның ЕАЭО органдарындағы төрағалығының басымдықтарының бірі ретінде айқындалған болатын. Өткен жылдың соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Біз нақты жобалар мен бастамаларды талқылауды бастай отырып, таяу уақытта жұмысты практикалық жолға аударуымыз керек. Бүгін біз Индонезиямен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздерді бастаймыз. Үндістанмен келіссөздер жүргізілуде, Моңғолиямен келісім пысықталу үстінде", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, берілген бағыт ағымдағы жағдайда ерекше өзектілікке ие болады. Қазақстан Президенті Комиссия мен Үкіметтерді аталған жұмысты жеделдетуге шақырды

"Кеше бірінші Еуразиялық экономикалық форум өтті, онда біз өзекті мәселелерді, проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқыладық, еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту жөнінде пікір алмастық. Осы екі жемісті күннің уағдаластықтары мен шешімдері бірлестігімізді одан әрі дамыту аясында өз жалғасын табатынына сенімдімін", – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.

 



Қарау саны: 1893
Сақталған: 21.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!