Отандық туризмді дамыту
03.06.2022
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық туризм мен ұлттық парктерді дамыту мәселелері қаралды. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады. Мәдениет министрлігінің басшысы 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі туристер саны 50% - дан астамға артқанын хабарлады. Сонымен бірге шетелдік туристер саны азайды, бұл карантиндік шаралар мен жабық сыртқы шекаралармен байланысты. Ұлттық саябақтарға келушілердің саны артты. Іле-Алатау, Көлсай, Шарын ұлттық парктеріне келушілердің еселеп өсуі ерекше байқалады.
Мәселені талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов туризмнің пандемияға дейін әлемдік көрсетілетін қызметтер экспортының 30% - ы, әлемдік инвестициялардың 7% - ы және салық түсімдерінің 5% - ы үлесіне тиетін өте перспективалы сала екенін атап өтті. Сонымен бірге, пандемия ішкі туризмді дамытудың катализаторына айналды. Мәселен, бүгінгі күні Қазақстанның туристік объектілеріне қызығушылықтың тұрақты өсу үрдісі байқалады. Осыған байланысты Үкімет басшысы туристік әлеуеті жоғары өңірлерде инфрақұрылым мен сервисті дамыту қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ экотуризм объектілеріне "жұмсақ" инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы атап өтілді, оларды іске асыру ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экожүйесін сақтау қағидаттарын қатаң сақтауға тиіс. Әлихан Смайыловтың пікірінше, индустрияның дамуын тежейтін факторлардың бірі жолаушылар авиа және темір жол тасымалдары географиясының шектеулілігі, демалыс маусымында туристік объектілерге дейін логистиканың күрделілігі болып табылады. Бұл мәселені шешу үшін Индустрия министрлігіне жолаушыларды интермодальдық тасымалдауды дамыту, әуе, авто және теміржол көлігінің ыңғайлы тоғысуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Жүйелі тәсілді талап ететін тағы бір маңызды сәт — туристік сала мамандарын кәсіптік даярлау. "Қазіргі бағдарламалар туризм секторының нақты қажеттіліктеріне жауап бермейді. Осы бағыттағы жұмысты, оның ішінде Түркістандағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің базасында күшейту қажет", — деп атап өтті Ә. Смайылов. Жалпы, Үкімет басшысы сала дамуының оң динамикасын атап өтіп, бірқатар тиісті тапсырмалар берді: ● Бірінші. Өңірлердің әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақтылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын; ● Екінші. Мәдениет министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бірінші кезекте туристердің қауіпсіздігі мен ұсынылатын қызметтердің сапасын көздейтін туристік өнімдер ұсыну жөнінде кешенді жұмыс ұйымдастырсын. ● Үшінші. Мәдениет министрлігі Экология министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамыту жоспарын бекітсін және көзделген іс-шараларды іс жүзінде іске асыруға кіріссін. "Туристерге қызмет көрсету сапасына, соның ішінде биодәретханалардың болуына ерекше назар аудару керек. Бұл туристік ағындардың өсуінің маңызды факторы. Біздің және шетелдік туристер бұл қызметке көп шағымданады. Сондықтан бұл жерде нақты шаралар әзірлеу қажет", - деп тапсырды Әлихан Смайылов.
Қарау саны: 1911 |
|
|