Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға байланысты қазақстандықтарға бейне үндеу жасады.
Мемлекет басшысының сөзінен:
"Еліміздің тарихында Конституцияға енгізілетін өзгерістер алғаш рет жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылады. Референдум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамда конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр.
Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған. Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады.
Референдум қоғамымыздың азаматтық кемелдігі мен саяси саналылығын бағалауға мүмкіндік береді. Референдумның орталық комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды.
Сайлау учаскесіндегі сіздің дауысыңыз қоғамдық өмірдің әділ әрі түсінікті жаңа ережелерін айқындауда маңызды және шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сіз сайлау учаскесіне келу арқылы халқымыздың бірлігі мен ынтымағы мығым екенін көрсетесіз.
Бұрын-соңды болмаған құбылмалы геостратегиялық жағдайда және еліміздің алдында тұрған күрделі міндеттерді орындау үшін біздің бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болуға тиіс. Шынайы демократия әрбір азаматтың ортақ іске белсенді әрі саналы түрде қатысуын білдіреді. Сіз жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз.
Құрметті отандастар, сіздерді тарихи таңдау жасауға шақырамын. Өйткені, бұл Қазақстанның даму бағдарын айқындайды. Әрқайсыңыз біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегісіз және тұтас ұлттың болашағына ықпал ете аласыз. Демек, бұл – өз тағдырыңыз деген сөз. Отанымыздың тағдыры сізге байланысты".