2022 жылдың қорытындысы бойынша
14.06.2022
Жаңа облыстардың пайда болуы тек осы өңірлердің ғана емес, бүкіл ел экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ОКҚ брифингінде.ҰЭМ басшысы атап өткендей, әкімшілік-аумақтық өзгерістер 5 миллионға жуық азаматтың өміріне әсер етеді. Оның ішінде Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында 1,5 млн-ға жуық адам тұрады.
Үкімет барлық бағыттар бойынша үлкен жұмыс атқарды. Президенттің Жарлығын іске асыру аясында ағымдағы жылдың 3 маусымында Ұйымдастыру іс-шараларының жоспары қабылданды. Жол картасы 27 іс-шараны көздейді және ол орындалып жатыр. "Жақын арада өңірлерде облыстық басқармалар құрылып, кадрлық тағайындаулар жүргізілетін болады. Үкімет тиісті қаулы қабылдады, оған қосымша бірліктер бөле отырып, қайта құрылған және құрылған облыстар аумағындағы әкімдіктердің штат санының лимиттері белгіленді", — деп хабарлады Әлібек Қуантыров. Қазіргі уақытта жаңадан құрылған облыстарда аумақтық бөлімшелері құрылатын орталық мемлекеттік органдар үшін штат санын белгілеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар құрылғаннан кейін бюджет пен коммуналдық меншікті облыстар арасында бөлу жөніндегі жұмыс басталады. Жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті әкімшілік ғимараттар бар. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарындағы әкімшілік ғимараттарды сатып алу, жөндеу, жалға беру үшін қажетті бюджет қаражатының алдын ала көлемін анықтады. "Алдын ала жалпы қажеттілік шамамен 12 млрд теңгені құрайды. Бюджет қаражатын бөлу мәселесі ҚР бюджеттік заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады", - деді ведомство басшысы. Министр жаңа өңірлердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің күтілетін өсу қарқынына да тоқталды.
Қарау саны: 1916 |
|
|