ТДМ бойынша екінші өңірлік саммит

17.06.2022

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан "COVID – тен тыс -Орталық Азиядағы әділ қалпына келтіру жолында" тұрақты даму саласындағы мақсаттар бойынша екінші өңірлік саммитте сөз сөйледі, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Іс – шараға Қырғызстан Үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан Үкіметінің басшысы  – Кохир Расулзода, Өзбекстан Үкіметінің басшысы -Абдулла Арипов, Түркіменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Мухаметгулы Мухаммедов, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Уша Рао-Монари ханым, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық орта мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Саммитке қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Әлихан Смайылов өңірлік ынтымақтастық әрқашан Қазақстанның басты басымдықтарының бірі болғанын атап өтті. Қазіргі уақытта өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда бірлескен жобалар табысты іске асырылуда.

Халықаралық институттардың деректері бойынша Орталық Азиядағы ішкі өңірлік тауар айналымы $6,5 млрд құрайды, бұл ретте өңір елдерінің өзара сауда үлесі олардың жалпы тауар айналымының 9% - ын алады.

"Біздің өзара іс-қимылды одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеуетіміз бар екені анық. Осыған байланысты елдеріміз арасындағы сауда қатынастарын кеңейту жөніндегі бірлескен шараларды күшейту қажет деп санаймыз", — деді ҚР Премьер-Министрі.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Қазақстан БҰҰ-ның 2030 күн тәртібіне қол жеткізуді жақтайтынын, оның дәлелі орнықты даму мақсаттарының индикаторларын ұлттық стратегиялар мен даму бағдарламаларына енгізу болып табылатынын атап өтті. Біздің елімізде қабылданған міндеттемелерді іске асыру үшін ТДМ жөніндегі Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

Бұдан басқа, 2020 жылы Қазақстан мен БҰҰ мемлекеттік органдарды, азаматтық қоғам мен жеке сектор өкілдерін топтастырудың құралы болып табылатын 2025 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік бағдарламаға қол қойды.

Бұл ретте, ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, әлемдік экономикадағы терең құрылымдық өзгерістер аясында экономикалық дамудың ұлттық саясатын орта мерзімді перспективаға бейімдеу қажеттілігі туындады.

"Осыған байланысты біз бизнес-қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік. Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлік ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту, инновациялар мен баламалы энергетиканы енгізу, "жасыл" қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар әзірленуде", — деп атап өтті ҚР Үкіметінің басшысы.

Сонымен қатар, Әлихан Смайылов білім беруді және ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға, ҒЗТКЖ-ны кеңейтуге, экономика қажеттіліктері үшін білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аударылатынын айтты.

Келесі тақырыпқа көше отырып, ҚР Премьер-Министрі бүгінде көптеген елдер үшін басты мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отырғанын атап өтті.

Осыған орай, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының әлемдік нарықтағы бағаның одан әрі өсуі ықтимал деп есептейтінін ескере отырып, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін дамыту және оның өнімділігін арттыру жөніндегі қадамдарды жандандырады.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі климаттық өзгерістермен күрделене түседі, сондықтан Қазақстанда экологиялық күн тәртібі басты орындардың бірін алады.

Өз сөзінің соңында ҚР Премьер-Министрі Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастық Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелеріндегі негізгі элемент болып табылатынын тағы да атап өтті. Осыған байланысты Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ТДМ бойынша орталық ашу жоспарлануда.

"Прогресс пен жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде батыл іс-қимыл мен тығыз әріптестік қажет. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс — қимылды одан әрі кеңейту БҰҰ құрылымдарының белсенді қатысуымен орнықты және өркендеген Орталық Азияны құруға ықпал ететініне сенімдімін", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов. 

 

 

 



Қарау саны: 1885
Сақталған: 30.10.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!