Қазақстанның 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы
24.06.2022
Үкіметтің кезекті отырысында 2026 жылға дейінгі ҚР инвестициялық саясаты тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекітілді.Тұжырымдамада көзделген негізгі нысаналы индикаторлар туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтып берді.
Тимур Жақсылықовтың айтуынша, аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдамада инвестициялар құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды бәсекеге қабілетті өндіру жағына өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа үрдістерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарау бойынша шаралар кешені көзделеді. "Инвестициялық дамудың негізгі пайымы әрбір саланың экономиканы дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, инвестициялар тартуға теңдестірілген тәсілден тұрады. Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі драйвері өңдеу өнеркәсібі болады",-деп атап өтті бірінші вице-министр. Мұнда еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорттың көлемін ұлғайтуға және күрделілігін арттыруға, неғұрлым жоғары қайта бөлу өнімінің жаңа өндірістерін игеруге және өндірістерді кезең-кезеңімен оқшаулауға баса назар аударылады. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров та баяндады. Өңірлердегі инвестициялық жағдай туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді. ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, жаңа Инвестициялық саясат тұжырымдамасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді және Қазақстан экономикасына инвестициялардың өсуіне белсенді түрде ықпал ететін болады. Жалпы, еліміз инвестиция өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне қол жеткізді. Мәселен, ағымдағы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5% - ға өсіп, 4,1 трлн теңгені құрады. Инвестиция өсімінің жоғары серпінін Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары көрсетіп отыр. Инвестиция көлемінің айтарлықтай төмендегенін Түркістан және Қарағанды облыстары көрсетті. Әлихан Смайылов Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды екенін және Орталық Азия өңіріндегі шетелдік инвестициялардың ағыны бойынша көшбасшы ұстанымын сақтайтынын атап өтті. "Қазіргі жағдайда осы ұстанымды нығайту үшін бізге шетелдік инвестициялар үшін күресте озық әрекет ету және инвесторлар үшін барынша оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Экономиканың шикізаттық емес секторларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл — ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклды іске қосуды қамтамасыз етуі тиіс", - деді Үкімет басшысы. Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет елдің 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясаты тұжырымдамасының жобасын бекітті. ҚР Премьер-Министрі орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Инвестициялық саясат тұжырымдамасы іс-шараларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қарау саны: 2124 |
|
|