Мемлекет басшысы

01.07.2022

Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Жиын Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын талқылаудан басталды. Аталған  мәселе бойынша Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары  Сэр Сума Чакрабарти, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің  төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады

Президент ұсынылған тәсілдерді жалпы мақұлдады. Сонымен қатар, ол орталық банктердің блокчейн технологиялары мен цифрлық валюталарын енгізу және пайдалану перспективаларына назар аударды.

"Бұл бағыт-қаржы жүйелерінің болашағына деген "футуристік" көзқарас қана емес, іске асырылып жатқан жобалар. Көптеген мемлекет өздерінің цифрлық валюталарын іс жүзінде сынақтан өткізуге кірісіп те кетті.  Олардың қызметтері үшін экожүйе әзірленіп, құрылып жатыр.  Біз институттарымыздың жаңа жағдайға бейімделуіне дайын болуымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі міндеттерге тоқталды. Статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында мұндай ұйымдар 27 млрд теңгеден астам сомаға 17 мыңнан астам салымшының мүлкін иемденген.

"Қаржы секторы тұжырымдамасының аясында қаржы пирамидасының белгісі бар  ұйымдарды алдын ала анықтауға, жедел әрекет етуге, азаматтардың қаржы  алаяқтары туралы хабарлау мәселесін күшейтуге бағытталған шаралар  қамтылуы қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің экономиканың нақты секторына неғұрлым белсенді кредит беруі жөнінде нақты шаралар қабылдауды тағы бір өзекті міндет деп атады. Ол осы саладағы бірқатар проблемаларды атап өтіп, қаржы реттеушілеріне нақты шешімдер ұсынуды тапсырды.

 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық банктің, Үкіметтің әрекет ету  тетіктерін банк өтімділігінің ағынын кәсіпорындарды, әсіресе шағын және  орта бизнесті қолдауға қарай бағыттау аса маңызды міндет екенін атап  өтті.

Отырыс барысында еліміздегі қауіпсіз атом және сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі шараларға көп көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыс туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов пен "Самұрық-Қазына" АҚ Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндады.

Президент МАГАТЭ деректерін мысалға келтірді. Бұған сәйкес әлемдегі қуат  көздерінің 10 пайызы атам энергетикасының үлесінде екені айтылды.  Аталған сектор көмір (36,7%), газ (23,5 %) және гидроэнергетика (16 %)  салаларынан кейін төртінші орында тұр.

"Атом энергетикасы СО2 жылдық шығарындыларын шамамен 2 млрд тоннаға қысқарта отырып, төмен көміртекті электр энергиясының жалпы санының үштен бірінен астамын өндіреді, бұл 400 млн автомобиль шығарындыларына тең келеді. Сонымен бірге, атом энергетикасының болашағына қатысты әртүрлі факторларға байланысты белгісіздік үлесі айтарлықтай жоғары. Алайда, қазіргі энергетикалық дағдарыс және энергия ресурстары бағасының құбылмалылығы жағдайында "бейбіт атомды" пайдалану мәселелері көптеген үкіметтердің күн тәртібіне енгізілгені анық. Геосаяси шиеленіс жағдайында Халықаралық энергетикалық агенттік Еуропалық Одақ елдерін барлық АЭС жабылуын кейінге қалдыруға шақырды", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда әлемнің 32 елінде 440-тан астам  ядролық реактор бар екенін және 20-ға жуық мемлекет өз аумағында атом  электр станциясын салу мүмкіндігін қарастырып отырғанын атап өтті.  Олардың қатарында біздің елімізден бөлек, Чили, Индонезия, Алжир,  Филиппин, Эфиопия, Сенегал және басқа да мемлекеттер бар.

Сонымен қатар Президенттің айтуынша, технологияларды жеткізушілердің  шорт-парағын айқындау маңызды және онда баға өлшемдерінен бөлек  технологиялардың сенімділігіне баса мән берілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және өндірістік құзыреттілікті арттырудың басымдығын атап өтті.

"Басқаша айтқанда, біз болашақта білікті физиктерді, атом саласындағы  кадрларды, инженерлер мен техникалық мамандарды дайындауымыз керек.  Мүлдем жаңа оқу-өндірістік база құру қажет", – деді Мемлекет басшысы

Президент "Аккую" АЭС құрылысы бойынша Түркияның тәжірибесін зерделеуді тапсырды.

Күн тәртібінің қорытынды пункті көші-қон саясатын жетілдіру мәселесі болды. Осы тақырып бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге түсіндірме жасай келіп,  экономиканың  дамуы мен ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыратын тиімді еңбек  миграциясының маңыздылығына назар аударды.



Қарау саны: 1811
Сақталған: 30.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!