Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша кеңесті

08.07.2022

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкімет басшылығының, елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі бейінді министрліктер мен ведомстволар, ұлттық компаниялар басшыларының қатысуымен кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасындағы көлік-логистика саласының ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала өңірлердің өзара іс-қимылын жандандыру үшін маңызды. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистикалық тізбектердің үзілуіне әкеп соқты.

 

Кеңес барысында коммуникация мен жүктерді жеткізудің балама бағыттарын, сондай-ақ жеткізілімдерді әртараптандыруды пысықтау қажеттігі атап өтілді.

 

Президенттің пікірінше, отандық өнімнің қауіпсіз әрі үздіксіз экспортын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау талап етіледі. Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта баламалы темір жол бағыттарын қалыптастыру қажет. Атап айтқанда, Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын іске асыру, Алматыны айналып өтетін айналма теміржол желісін салу туралы сөз болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол паркін нығайту және жолдарға күрделі жөндеу жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

"Отандық теміржол машинасын жасауды дамытуға баса назар аудару қажет. Белгілі бір кемшіліктер бар. Қазақстандық өндірушілерді белсенді қолдау қажет", - деді ол.

Президент "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын ауқымды жаңғыртуды жүзеге асыру қажет деп санайды.

"ҚТЖ-ны ұлттық көлік-логистикалық компанияға айналдыратын кез келді. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтеді, компанияға Елдің көлік — транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі жұмысты барынша кешенді жүргізуге мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде теңіз тасымалын дамытуға ерекше назар аударды.

"Қазақстан ешқашан теңіз елі болған емес, сондықтан теңіз тасымалы мүмкіндіктерін толық көлемде іске қосқан емес. Енді басқа уақыт. Мен Үкіметтің алдына біздің порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, оларды трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет қоямын. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет екендігімен келісемін", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай жеткізілімін әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет деп атады.

"Транскаспий бағыты басым бағыт болып табылады. "ҚазМұнайГазға" оны іске асырудың оңтайлы нұсқасын, оның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігімен пысықтауды тапсырамын. Үкімет "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуаттылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – деп атап өтті Президент.

Автожол инфрақұрылымын дамыту да басымдық болып қала береді. Мемлекет басшысы бірінші кезекте басталған магистральдық маршруттарды (Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен) реконструкциялауды уақтылы және сапалы аяқтау қажет деп санайды.

Президент сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану және отандық компанияларды кеңінен тарту қажеттігіне назар аударды. 

"Ең жоғары Бюджеттік тиімділік пен жергілікті қамтуды арттыру жобаларды іске асырудың негізгі қағидаттарына айналуы тиіс екеніне ерекше назар аударамын", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Үкіметке жыл соңына дейін кедендік ресімдеу мен шекаралық бақылау процесін толығымен автоматтандыру тапсырылды.

 Кеңес барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, "Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады. Талқылауға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

 

 

 

 



Қарау саны: 1771
Сақталған: 30.10.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!